Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылында іскер әйелдер форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әйел және бизнес. Жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыппен өткен форумға қатысушылар әуелі Тайпақ ауылындағы жүн өңдеу цехының жұмысымен танысты. Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейіткереева жетекшілік ететін цехтың ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Бірақ атағы аудан-облыс асып, республикаға танылды. Тайпақ шеберлерінің қолынан шыққан өнімдер соңғы екі жылда бірнеше халықаралық көрмеге қатысып, Ұлыбритания, Германия, Италия, т.б. шет елдерге жол тартты. Жапониядан Акихиса Карагучи атты дәріскер арнайы келіп, жүн өнімдерін дайындау бойынша құнды кеңес берді. Әу баста цех ісмерлері жүнді жуу, тазарту, түту, басу сынды жұмысты қолмен атқаратын. Бүгінде бұл істің бәрі автоматтандырылған. Жуырда Ләззат Мұратқызы «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алып, Ресейден қажет техниканы алдыртыпты. Қазір бұл цехтан сувенирлік бұйымдар, аяқ киім, бас киім, көрпе, сөмке шығарылып, жүнді түту, жуу қызметі көрсетіледі.
Цех жұмысымен танысқан соң форумға қатысқан қыз-келіншектер мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастау, бизнесті өрістету бойынша шеберлік дәрістерін тыңдады.
Іс-шара аясында аудан ісмерлерінің қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
«Болашағын адал еңбекпен көркейткісі келетін нәзік жанды кәсіпкерлердің бастамасын, ынта-ықыласын біз үнемі қолдаймыз. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тірлігінде айшықты із қалдырған алдыңғы буын өкілдерінің еңбегі де аса бағалы. Бүгінгі дәуір – қолынан іс келетін, алғыр, шебер және жұмысына адал, еңбекқор, бәсекелестікке қабілетті жандардың заманы. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылында олардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс», деп атап өтті Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин.
Форум кезінде қолөнер шебері, зейнеткер Сәуле Нұрғалиева кәсіптің жас талғамайтынын, егде тартқан шақта да табысқа жетуге болатынын өз мысалымен айтып берді. Ол өткен жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана қаласында 11 200 шаршы метр алаңға жайылған 450 көрпені құраған қолөнер шеберлерінің бірі. Есімі КИНЭС рекордтар кітабына енген Сәуле апай қазақ ұлттық қолөнерінің ашылмай жатқан әлеуеті әлі көп екенін айтады.
«Біздің елде әйел-анаға барлық мүмкіндік бар. «Отбасы, ошақ қасы» деген сөз бұрынғынікі, қазіргі әйел – үйдің де, түздің де адамы. Бала өсіру, отбасының қамымен қатар бізге елімізді өркендету миссиясы ерлермен тең жүктелген. Өкінішке қарай, қоғамда қазір масылдық, мемлекетке алақан жаю басым. Сондықтан іскер әйелдер жұмылып, тірлікті түлеткің келсе, тек өз еңбегіңе күш-жігеріңе сүйену қажеттігін көрсетейік», деді танымал тележүргізуші, кәсіпкер Гүлназ Әлімгерей. Ол қазір Орал қаласынан «Таспа-LAB» студиясын ашып, қазақы салт-дәстүрді насихаттап жүр. Бір ғажабы, «Таспа-LAB» студиясы жергілікті ісмерлердің қолынан шыққан бұйымдармен әрленген.
Ал ақбұлақтық Қарлыға Молдағалиева «ауылда жұмыс жоқ» деген пікірмен келіспейтінін айтып, жұрттың қалаға үдере көшуіне алаңдайтынын айтады. Оның пікірінше бұл көшті тоқтатудың бірден-бір шешімі – ауылда өндіріс орындарын ашу. Ал мұндай кәсіпкерлік нысандарын іскер әйелдер де ашса, нұр үстіне нұр.