What are you looking for?

Әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамның тағы бір оқиғаға қатысы бар болып шықты

07.03.2025

Алматы Полиция департаменті әуежайда болған оқиғаға пікір білдірді , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алған 67 жастағы ер адамның бұған дейін қоғамдық көліктегі зорлық-зомбылық оқиғасына қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Шабуыл жасаған ер адам ұсталғаннан кейін әлеуметтік желілерде ол 2024 жылғы қарашада Алматыда автобуста әйелді ұрған ер адам болуы мүмкін екені айтылды.

Алматының Полиция департаменті екі іске де бір адамның қатысы бар екенін растады.

"Қоғамдық көліктегі оқиғадан кейін Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот тергеу барысында бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу шарасын таңдады. Соталды тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Былтыр желтоқсанда сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен", — деп жазылған хабарламада.

Тосын оқиға туралы не белгілі?

7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушыны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Ол қамауға алынды.

Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.

Cондай-ақ, оқиғаның тағы бір видеосы тарады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Social Link

Follow Me On Social Media