What are you looking for?

ШҚО-да лауазымды шенеунік қайтыс болды

03.06.2025

Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жұмаділов Нұржан қайтыс болды. Бұл туралы ведомствоның сайтында хабарланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұжымы ұзақ жылдар жол саласына басшылық етіп, ақыл-парасатымен ерекшеленген басқарма басшысы Жұмаділов Нұржан Сайлаубекұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның жарына, балаларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұм Нұржан Сайлаубекұлы — тек жақсы қасиеттерімен ел есінде қалатын жан. Кісілік келбеті, әріптестерге деген ықыласы мен құрметі – бәрімізге үлгі!

Білікті басшы — кішіпейіл, адамгершілігі мол, кеңпейілді, еңбекқор, тәрбиелі, ақжарқын, әрқашан көмекке дайын жан болды. Өмір жолы адалдық пен қарапайымдылықтың жарқын үлгісі ретінде өшпестей із қалдырды. Жас буынға үнемі ақыл-кеңесін аямай, үлкенді құрметтеп, кішіні қолдап жүретін. Ұжым арасында ерекше орын алатын, сөзі мен ісі үйлескен азамат еді.

Жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталып, рухы пейіште шалқысын. Алла алдынан жарылқап, иманы өзіне серік, жаны жәннатта болсын!", — делінген хабарламада.

Ресми сайтта жарияланған ақпаратқа сай, Жұмаділов Нұржан Сайлаубекұлы Семей облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында 1969 жылы 25 қазанда дүниеге келген.

Екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 1993 жылы № 25 ЖПУ жол шебері болып бастады. Әр жылдарда № 25 ЖПУ прорабы, № 25 ЖПУ өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, "Қазақавтожол" РМК ШҚО филиалының № 71 ЖПУ бастығы, Автомобиль жолдары комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті орындалған жұмыстардың сапасын бақылау және қабылдау бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

2009 — 2014 жылдар аралығында ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының автомобиль жолдарын дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

2014-2018 жылдар аралығында «Шығысжолзертхана» РММ басшысы қызметін атқарды.

2018 — 2021 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2021 — 2022 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының қызметін атқарып келген.

Social Link

Follow Me On Social Media