Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алған ер адамның үстінен Қылмыстық Кодекстің 293-бабы «Суық қаруды қолдана отырып жасалған бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір ол желідегі полиция бөлімінде қамауда. Қыз баланы пышақ кезеп, кепілге алған адамнан құтқарып қалған батыл азамат Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Есімі Мұса Әбдірайым. Жасы 52-де. Жанжал болған сәтте дереу полиция қызметкерлері жетеді. Бірақ күдікті оларға бағынбайды. Осы жағдайды бақылап тұрған Мұса Әбдірайым бүлікшіні мәмілеге шақырады. Қыздың орнына кепілге өзін алуды айтады. Ұрымтал сәтті пайдаланған Мұса Әбдірайым асқан шапшаңдықпен пышақты тартып алады. Көпбалалы әке жеке шаруамен айналысады. Әуежайға бауырын шығарып салуға келіпті. «Жас қыздың жанұшырған даусын естігенде қарап тұра алмадым», — дейді. Ал кепілге алынған әуежай қызметкері дін аман. Оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Мұса Әбдірайым, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қыздың жан айқайын естідім. Елдің бәрі жүгіріп бара жатқаннан кейін мен де жүгіріп бара қойдым. Одан да мені кепілге ал дедім. «Онда сен кел», — деді. Мен барып едім, қызды жібере қойды. Кейін менің қолымнан ұстап тұрды. Полицейлер кішкене сөзбен назарын басқа жаққа аудартып тұрды. Ақырын көзбен қарап тұрдым. Қолындағы пышақ кішкене босаған кезде жұлып алуға тура келді.
Руслан Қозыбақов, Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің басшысы:
- Қазіргі тұрғыда сотқа дейін тергеп тексеру әрекеті жүргізіліп жатыр. Уақытша ұстау изоляторына қылмыскер жеткізілді. Қалған ақпаратты ҚР Қылмыстық процессуалдық Кодексінің 201 бабы талаптарына сәйкес, берілмейді. Нақты талап ол қойған жоқ. Қалған ақпаратты ҚР ІІМ баспасөз қызметінен алуға болады.