What are you looking for?

Испания Палестинаға гуманитарлық көмекті үш есе арттырды

07.06.2025

Испания Палестинаға гуманитарлық көмекті үш есе арттырды. Кейінгі екі жылда 90 млн еуродан астам қаржы бөлген. Оның 20 миллионға жуығы БҰҰ-ның босқындарға көмек көрсету және жұмыс агенттігіне аударылыпты. Испан үкіметінің басшысы мұны Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізудің маңызды шарты ретінде сипаттайды.

Испанияның Палестинаны егемен мемлекет ретінде мойындауы – халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес қабылданған маңызды әрі тарихи шешім. Испан үкіметі Палестинаға 2023 жылы 50, 2024 жылы 40 миллион еуроға жуық қаражат бөлген. «Гуманитарлық көмек көлемін арттыру және даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту бұдан әрі де жалғаса береді», – дейді Испания премьер-министрі.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Министрлер кеңесінің отырысында Испания үкіметі Палестина мемлекетін ресми түрде мойындау туралы шешім қабылдады. Осылайша Испания әлемде Палестинаны егемен мемлекет ретінде мойындаған 140-тан астам елдің қатарына қосылды. Бұл шешім Израильге қарсы бағытталып отырған жоқ. Керісінше, біз Израиль халқымен достық қатынастарымызды сақтай отырып, бейбітшілікке қол жеткізуді қалаймыз.

Испания Палестинаға гуманитарлық көмекпен қатар медициналық эвакуация және әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Былтыр Еуроодақтың азматтық қорғаныс механизі аясында Газа секторынан ауыр жарақат алған 16 палестиналық баланы және олардың отбасын емдеуге көмектескен. Биыл ақпан айында Испанияның халықаралық даму жөніндегі агенттігі Газа секторына 12 тонна медициналық және санитарлық материал жіберді.

Хосе Мануель Альбарес, Испанияның Сыртқы істер министрі:

- Испания Иорданиямен бірлесіп, Қорғаныс және сыртқы істер министрліктерінің бірлескен операциясы аясында Газа секторына 26 тонна гуманитарлық көмек жеткізу операциясын үйлесімді жүзеге асырды. Бұл көмек Испанияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі арқылы ұйымдастарылды.

Осылайша Испанияның Палестинаға көмегі гуманитарлық, саяси және халықаралық құқықтық міндеттемелерге негізделген кешенді стратегияның бір бөлігі ретінде сипатталады. Жақында Испания Израильмен арада жасалған 287,5 миллион еуро көлеміндегі қару-жарақ келісімін үзді. Бұл шешім Газа секторындағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты қабылданған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Social Link

Follow Me On Social Media