What are you looking for?

Павлодарда ұзату тойына қатысқан отызға жуық адам астан уланып ауруханаға түсті

09.06.2025

Павлодарда қыз ұзату кезінде жаппай тамақтан улану оқиғасы тіркелді. 27 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Той 7 маусым күні қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен. Павлодар тұрғыны Азиза Исабайдың айтуынша, дәл осы күні оның қыз ұзату тойы болған, оған шамамен 150 адам қатысқан.

"8 маусым күні таңертең әпкем қоңырау шалып, өзін және күйеуін іш өткел мен құсу мазалап жатқанын айтты, сондай-ақ әкем де ауырып қалған. Кейін басқа туыстар да хабарласа бастады. Қазірге дейін 50-ден аса адам уланғанын хабарлады. Әкем, ағаларым, әпке-ағаларым және достарымыз ауруханада жатыр. Барлығында 40 градусқа дейін қызу, қатты диарея болды. Біз мейрамханаға барғанымызда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері келіп, сынамалар алып жатты. Біз оларға сарқытты да сараптамаға бердік, бірақ әлі нәтиже жоқ. Бүгін мейрамхана әкімшілігі мүлде байланысқа шықпай жатыр", – дейді Азиза Исабай.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, алғашқы қоңыраулар 8 маусымда түсе бастаған.

"Жалпы 33 адам жүгінді, олардың қатарында жүкті әйел мен бала бар. 26 ересек адам жұқпалы аурулар ауруханасына, ал бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Барлығына "тамақтан улану, орташа ауыр деңгей" диагнозы қойылды. 9 маусымда сол тойға қатысқан тағы бір адам хабарласты", – деп нақтылады дәрігерлер.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бактериалды ішек инфекциясының белгілерімен барлығы 29 адам медициналық көмекке жүгінген.

"15 адам ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы — орташа ауыр, улану белгілері, диарея және дене қызуы жоғары. Барлығына қажетті ем-дом көрсетіліп жатыр", – делінген ведомство түсініктемесінде.

Қазір той өткен мейрамханада санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмыс істеуде. Азық-түліктерден, су мен шикізаттан сынамалар алынғанымен, зертханалық қорытындылар әлі дайын емес.

Азиза Исабайдың айтуынша, дастарханда үш түрлі салат пен төрт түрлі тіскебасар болған. Қай тағамнан уланғаны әзірге белгісіз.

Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекованың айтуынша:

"Мейрамханада тағам өнімдерінен, үйдегі сарқыт тағам қалдықтарынан, су, шикізат, жабдықтар мен ыдыстардан сынамалар алынды. Қызметкерлер дизентерия, сальмонеллёз, стафилококк тасымалдаушысы ретінде тексерілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл мейрамхананың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған, яғни заңсыз жұмыс істеген. Осыған байланысты 8 маусым күні мекеменің қызметін тоқтату туралы шешім шығарылды", – деді ол.

Бір апта ішінде алғашқы сараптама нәтижелері шығуы тиіс.

"Біздің қаулымызбен медициналық тексеруден өтпеген жеті қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына жолданып, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Алдын ала диагноз — бактериалды ішек инфекциясы. Қазірге дейін 34 адам жедел жәрдемге жүгінді, оның ішінде бір бала бар. Қазіргі таңда 20 адам ауруханаға жатқызылды", – деп толықтырды Гүлнара Ақылбекова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget

Social Link

Follow Me On Social Media