Өткен сәрсенбі күні (5 наурыз) Франция президенті Макрон телеарналар арқылы қазіргі әлемдік күрделі геосаяси жағдайға байланысты халқына жолдау жолдады.
Алдымен Трамп Ақ үйге келгеннен кейін, НАТО-дағы одақтастарының қауіпсіздігін ендігәрі мойнына алмайтынын, Еуропа елдеріне кедендік салық саламын дегенін, Ресеймен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіруге ұмтылып жатқанын жұрттың есіне салып, Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы күшті сынаққа тап болып отырғанын атап өтті. Украинаны мысалға келтіріп, Еуропаға басты қауіп Ресейден келіп отырғанын нақтылады. Ресейдің Украинаны қанға бөктіргеннен сырт, Румыния мен Молдовадағы сайлауға араласқанын, Францияның Медециналық сақтандыру жүйесіне хаккерлік шабуыл жасағанын, ақпараттық шабуылдар арқылы Еуропа халқының арасына іріткі салып отырғанын тізіп шықты. Путиннің «Минскі келісімін» орындамағанын да тілге тиек етті. Кремльдің ел бюджетінің 40 пайызын әскери өндірісті дамытуға жұмсап, тағы да 300 мың әскер жасақтап, 500 танк, 300 әскери ұшақ жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ресейді Еуропаның қауіпсіздігіне басты қатер деп сипаттады.
Ұзақ мерзімдік кауіпсіздікті қамтамасыз етуді Украина мәселесін шешуден бастауды — Украинаға әскери көмекті күшейтіп, енді бір жағынан бітімгерлік күштерін жіберуді, Сондай-ақ, Еуропаның өзін қорғану қабілетін күшейтуді, Америка бас тартқан жағдайда өзін-өзі қорғауға дайын болуды алға қойды. Өзінің Еуропа қауіпсіздігін өздері қамтамасыз ету идеасын 2017 жылы ортаға қойғанын, арада 8 жыл өткенде бұған қарсы болып келген Германия мен Дания да қолдағанын жеткізді. Соңында ол әлемдік ірі ядролық держава ретінде Еуропа елдеріне қорған болуға шешім қабылдағанын, ядролық қарудың кілті өздерінде қала беретінін айтып, халықты болашақ ұшін бірігуге шақырды.
Макронның жолдауы Еуропада қолдау тауып, әлемнің назарын аударғанымен Ресейде ерекше қарсылық тудырды. Бірінші болып Медведов Макронның президенттік мерзімінің екі жылдан кейін бітетінін меңзеп: «Ол ешқандай қауіп тудыра алмайды. 2027 жылы 14 майда мансабынан кетеді. Ел назарынан мәңгілікке жоғалады, ешкім оны іздемейді», — деді. Песков пен Лавров та Макронды: «Бейбітшілікті қолдайтын адамға ұқсамайды, Еуропа елдерін жұмылдырып Ресейге ядролық қауіп төндірмекші», — деп айыптады. Путин де кезіндегі Наполеоннің Ресейге шабуылын еске алып, «жеңіліспен аяқталады» деді.
Қазақ жұрты үшін тосын естілген Иманғали Тасмағанбетовтің мәлімдемесі болды.
«Украинада Еуропаның бітімгер әскерін орналастыру аймақтағы жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін», - деді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов.
«Мұндай қатер туындай қалса, ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттары аясында, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығымен келісе отырып түрлі көмек нұсқаларын ұсынуға дайын болады», — деді Қазақcтан атынан сайланған ұйымның бас хатшысы.
Тасмағамбетов сұхбатында Францияның Еуропа елдеріне ядролық қорған болу бастамасын «Францияның саяси билігінің Еуропадағы өзінің позициясын нығайтқысы келетін әрекеті» деп бағалады.
Кеше өткен (6 наурыз) Еуропа комисиясының шұғыл отырысында Еуроодаққа мүше 27 мемлекет Еуропаның қауіпсіздігін ортақ қамтамасыз ету, Украинаға әскери көмекті күшейту үшін «800 миллиард еуро бөлу» жобасын бір ауыздан мақұлдады. Венгрия басшысы Орбан әдеттегідей Украина мәселесіне байланысты келіспеушілігін білдірген.