Еліміз 5 жылдық үзілістен кейін Әзербайжан, Грузия мен Түркияға астық жөнелте бастады, деп хабарлайды 24KZ. Италияға да бидай экспортының көлемі ұлғайып келеді.
Сондай-ақ Қазақстан Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания сияқты еуропалық нарықтарға астық тасымалын жолға қоюға ниетті. Сала мамандарының айтуынша, Марокко мен Біріккен Араб Әмірліктері де біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Тіпті азық-түлік келісімшарт корпорациясы Мароккоға алғашқы 60 мың тонна бидайды жөнелтіп үлгерді. Вьетнамға алғашқы 15 мың тонна дәнді дақылды жеткізу жайында келісімшарт жасалған. Былтырғы жылдың қыркүйегінен биылғы сәуір айына дейін еліміз 7,6 млн тонна астық өнімін экспорттап, тасымал көлемін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58% арттырды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, еліміз жыл соңына дейін 12 млн тонна бидайды шет мемлекеттерге жөнелте алады. Бұған экспорт географиясының кеңеюі мүмкіндік бермек.