What are you looking for?

Temu-дегі арзан тауарлар қауіпті ме?

12.06.2025

Қазақстанда арзан тауарларын қосымша арқылы белсенді сататын Қытайдың Temu компаниясы улы киім, қауіпті ойыншықтар мен сапасыз электр құрылғыларын саудалауы мүмкін деген күдікке ілікті. Бұл шетелдік маркетплейс салық пен баж салығын толық төлейтін отандық ШОБ-ке қарағанда тиімді жағдайда бағаны демпингпен төмендетіп отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кейбір қазақстандық сарапшылардың пікірінше, Temu-дің бағаны төмендетуінің артында ұзақмерзімді стратегия жатыр. Маркетплейс арзан бағамен тұтынушыларды өзіне тартып, жергілікті шағын және орта бизнесті ығыстырып шығарғысы келеді. Ал бәсекелестерінен құтылған соң, тауар бағасын күрт өсіруі мүмкін.

Нәтижесінде, тұтынушы ұтылады – таңдау болмайды. Ал Temu-дегі өнімдердің сапасына Еуроодақ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және басқа елдердің сарапшылары күмәнмен қарайды. Тіпті кейбір мамандар қытайлық маркетплейстегі тауарлар адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді деп есептейді.

Мәселен, 2023 жылы Еуропаның Toy Industries of Europe (TIE) ұйымы Temu-ден сатып алынатын ойыншықтардың сапасын тексерді. Сарапшылар ең танымал 19 балалар ойыншығын сатып алып, сынақ жүргізген. Нәтижесінде 19 ойыншықтың 18-і балалар үшін қауіпті екені анықталған.

Мысалы, маркетплейстен алынған слайм-ойыншықта бордың рұқсат етілген мөлшерден 11 есе артық екені анықталған. Ал нәрестелерге арналған сылдырмақтың өткір металл бөлшектері болған – қолын немесе басқа жерін кесіп алуы мүмкін. Сонымен қатар, баланың тұншығып қалуына себеп болатын ұсақ бөлшектер де болған.

Данияның THINK Chemicals тұтынушылар кеңесі де Temu-ден алынған пластик ойыншықтарды зерттеген. Зерттеу нәтижесінде олардың құрамында фталаттар анықталған – мөлшері нормадан 240 есе жоғары болған. Ғылыми тұрғыдан дәлелденгендей, кейбір фталат түрлері (соның ішінде қытай ойыншықтарында табылған) адамның эндокриндік жүйесіне кері әсер етіп, гормондық бұзылуға себеп болуы мүмкін.

Даниялық сарапшылар Temu-де сатылатын бір реттік ыдыстар мен пісіруге арналған қағаз өнімдерінде пер- және полифторалкилді заттардың (PFAS) қолданылғанын анықтаған. Бұл химиялық заттар табиғи ортада ыдырамайды және адамның иммундық жүйесіне зиян келтіруі мүмкін.

Temu-де сатылатын балалар киімдерінен де қауіпті фталаттар табылған. Оңтүстік Корея сарапшылары танымал балалар күртешесін тексеріп, фталаттар мөлшері нормадан 622 есе жоғары екенін анықтаған.

Тексеруден ересектерге арналған киімдер де өте алмаған. Олардан да фталат пен формальдегид мөлшері жоғары болып шыққан. Кейбір әйелдерге арналған жеңіл аяқкиімдердегі қорғасын мөлшері нормадан асып кеткен. Қорғасын – ауыр металл, оның улануы адам денсаулығына қатты зиян келтіруі, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

2025 жылдың қаңтарында ирландиялық БАҚ Temu арқылы сатып алынған балалар резеңке етіктерінің партиясы елде ресми түрде қайтарылғанын хабарлады. Бұл аяқ киімдерде фталат, кадмий және қорғасын мөлшері нормадан жоғары болған. Мұндай химикаттар жасөспірімдердің репродуктивті жүйесіне зиян келтіретіні айтылған.

Сондай-ақ, Ирландияда Temu-де сатылатын ойыншықтар мен электроұстаралар да қайтарылған. Біріншісінен улы заттар анықталса, екіншісінің сапасыздығы соншалық өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болмаған.

2024 жылдың ақпанында Ұлыбритания тұрғындары Temu-ден жаппай арзан жылытқыштар сатып ала бастаған. Зерттеу нәтижесі бұл құрылғыларды тіпті дұрыс қолданса да өртеніп немесе жарылып кетуі мүмкін екенін көрсетті. Temu ол тауарларды сатудан алып тастағанын мәлімдегенімен, көп ұзамай желі қолданушылары маркетплейсте ұқсас қауіпті өнімдердің қайтадан пайда болғаны анықталған.

Жаңа Зеландиядағы Окленд қаласының тұрғыны Temu-ден сатып алған қуаттағыш құрылғы салдарынан үйі өртеніп кеткен. Тоққа сұғылған құрылғы таңғы уақытта жанып, жалын үш қабатты үйге тез тараған. Өртті сөндіруге бес өрт сөндіру көлігі жұмылдырылған. Абырой болғанда, тұрғындар аман-есен эвакуацияланған.

Әрбір жаңа зерттеу сайын Еуроодақ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және басқа елдердің мамандары Temu-дегі өнімдердің уытты әрі сапасыз екенін дәлелдеуде. Temu-ден арзан зат сатып алу – «тиімді» емес. Мұндай үнемдеудің соңы қосымшаның барлық қолданушылары үшін, оның ішінде қазақстандықтар да бар, дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығыннан бастап, адам өміріне орасан зиян келтіруге дейін апаруы мүмкін.

Social Link

Follow Me On Social Media