Ертең Мажарстанда дзюдодан әлем біріншілігі басталады. Жарыс 20 маусымға дейін болады. Жекелей сында ел намысын 12 атлет қорғайды. Қазір қазақстандық татами шеберлері соңғы дайындығын өткізіп жатыр. Ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісінің айтуынша, спортшылар бабында. Байрақты бәсекеге сақадай сай. Олар әлем чемпионатына дейін Астана мен Испанияда дайындықтан өткен. Бүгін жеребе тарту рәсімі өтеді. Ал ертең ерлер 60, әйелдер 48 келі салмақта кіл мықтыны анықтайды. Қазақстан сапынан Мағжан Шамшадин, Шерзод Давлатов, Абиба Абужақынова мен Ғалия Тынбаева татамиге шығады. Іріктеу Астана уақытымен 14:30-да басталады. Оны «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! Бірге жанкүйер болайық.
Роберт Мшвидобадзе, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының жаттықтырушы-кеңесшісі:
Біздің команда әлем чемпионатына толық дайын. Мен барлық спортшыға сенім артамын. Жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Бұл спорт болған соң түрлі жағдай болатынын да ұмытпаған абзал. Дегенмен жігіттер мен қыздар бабында.
Асылбек Данияр