Алматы облысының медицина саласының үздік қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтап, оларды ынталандыруға арналған салтанатты жиын Қонаев қалалық мәдениет үйінде өтті. «Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – елдің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Болашақта да солай болып қала береді», – дейді сала басшылары.
Ардақ Айбарұлы әңгімелейлді.
- Рустам Мукреев Іле аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мамандығы – анестезиолог-реаниматолог. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым салтанатты жиында оған 2,5 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Рустам Мукреев, Іле аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Бұл конкурсқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Бүгін керемет көңіл-күйдемін. Өйткені Алматы облысы бойынша «Үздік стационар дәрігері» атағы беріліп жатыр. Алдағы уақытта да осы Алматы облысының халқына талмай қызмет етеміз.
Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан марапаттарды ведомство басшысының орынбасары Тимур Мұратов табыстады. Вице-министр Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша елде 655 нысанның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Қазір соның 470-і пайдалануға берілген.
Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Олар халықтың санына байланысты. Кейбір ауылда мысалы үшін 500 адам тұрады. Ол жерге медициналық пункт керек. Мыңнан асса, ол жерге фельдшерлік пункт керек. Ары қарай 1500-ден асса, дәрігерлік амбулатория керек. Біз соның бәрін қазір жұмысын жасап жатырмыз. Өзімнің әріптестерімді келе жатқан біздің мейраммен шын жүректен құттықтағым келеді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы» бойынша Алматы облысында 38 медицина мекемесі салынса, қазір соның жартысы халық игілігіне берілді.
Ержан Сүлейменов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Соның ішінде 17-сі тапсырылды және 21 нысан жылдың соңына дейін тапсырылады. Есік қаласында перинаталды орталық ашылады. Ол жерде күрделі ремонт қазір бітіп жатыр.
Қазақстанда биыл 32 аудандық аурухана қайта жаңғыртудан өтеді. Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы бүгін пайдалануға берілді. Оны күрделі жөндеуге бюджеттен 7 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев