Ұлттық ұлан қатарына көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көктемгі шақыру Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға шақыру тәртібімен жүзеге асырылады.
Жыл сайын Ұлттық ұлан қатарына 14 мыңнан астам азамат шақырылады. 2025 жылғы көктемгі шақыру науқаны аясында 7 000-ға жуық азаматты әскери қызметке қабылдау жоспарланған. Әскери бөлімдер 20 мамыр мен 30 маусым аралығында жасақталады.
Ұлттық ұлан қатарына шақырылған сарбаздар республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әскери бөлімдерде қызмет етеді. Олардың міндетіне маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, ішкі істер органдарымен бірлесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету кіреді.
«Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің өкілдері қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда шақырылушыларды алдын ала зерделеу және жасақтау шараларын жүргізіп жатыр», делінген Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.