Кимоно кигендер арасында бухгалтер, сұлулық индустриясының өкілдері, педагог, кәсіпкер және көпбалалы аналар бар, деп хабарлайды 24kz.
Әйелдердің шығыс жекпе-жегіне құмартуының сыры неде?
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Жекпе-жекке шығатын әйелдерді біз бұрын көп кездестірмейтін едік. Бірақ уақыт өзгеруде. Нәзік жандар арасында кёкушинкай каратэге қызығушылық артқан. Спорттың бұл түрімен ниет білдірген кез келген қыз-келіншектер айналыса береді. Ең жасы 18-де болса, үлкені 50-де. Адамзаттың әдемі жаратылысын қызықтырған кёкушинкай каратэ залына келіп қалдық. Бүгін жаттығу екен. Шығыс жекпе-жегінің алғышарттарын үйрену үшін жаттығу жасап көрейік.
Қыздардың мұнда уақыт өткізу үшін келмегені бірден білінеді. Қимылдары ширақ, соққылары дәл тиіп жатты. Әр жаттығу дәстүрлі түрде бойға қан жүгіртіп, жылынудан басталады. Жаттықтырушы қыздардың әр қадамын қалт жібермей қадағалайды.
Ясмин Дүйсембенова, кёкушинкай-каратэ бойынша жаттықтырушы:
- Қыздар бастапқыда тек жаттығу жасаумен шектеледі. Артық салмақтан арылуды мақсат етіп келгендер бар. Қызығушылықтың арты жеңіске деген ұмтылысқа ұласады. Төзімділік танытып, сары белбеуге жеткендер бар. Бір жылдан артық жаттыққандар қазірдің өзінде оныншы кю-ді тапсыруда.
Ботагөз Ғабдуллаева бұрын спортпен айналыспаған екен. Каратэ клубына құрбысына еріп келіпті. Қазір бос уақытын жаттығу залында өткізеді. Балабақша тәрбиешісі денсаулығының жақсарғанын айтады. Өзіне деген сенімділігі артып, дене бітімі сұлулана түскенін байқаған.
Ботагөз Ғабдуллаева, қала тұрғыны:
- Өзіме ұнады, негізінде өзім спортқа жақын емес едім. Осы екі жылдан бастап ұнады, денсаулығым жақсарды, жұмыстан келгеннен кейін осы тренировкада тек өзімнің шаршағанымды, күні бойы істеген нагрузкам осы тек тренировкаға келгенде кете бастады. Қозғалыстарды балалармен балабақшада қайталап ойнаймыз өзіміз, көрсетем балаларға.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Дайындықсыз келген адам үшін жаттығудың оңайға түспесі анық. Соған қарамастан бір сергіп қалдым десем артық айтпаймын. Спорттағы жетістіктердің артында тәртіп, ерік-жігер мен жеңіске деген ұмтылыс жататыны сөзсіз.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков