Қазақтан шыққан тұңғыш әскери дипломат әйел туралы білесіз бе?
Иә, бізде ондай да арулар бар. Бүгінде халықаралық деңгейде мемлекетіміздің мүддесін қорғап әскери қарым-қатынасты нығайтуға атсалысып жүр. Бірнеше тілді жетік меңгерген қазақ қызы қазір Қытайда жұмыс істейді.
Гүлбану Тастанбекова әскери салада 25 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде қатардағы қызметшіден полковник шеніне дейін көтерілген. Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде бөлім офицерінен бастап, басқарма бастығы лауазымына дейін жетті. Қытай тілін жетік меңгерген. 2023 жылы еліміздің Қытайдағы әскери атташесінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.
Гүлбану Тастанбекова, ҚР Қорғаныс министрлігінің Қытайдағы әскери атташесінің көмекшісі:
- Әрине жауапкершілік өте үлкен. Ана ретінде де, жұбай ретінде де, мемлекеттік қызметкер ретінде де. Өзіңе сенім жүк артылғаннан кейін оны орындауға тырысу керек. Сонымен қатар әрине отбасын да ұмытуға болмайды. Сондықтан да әрбір адам өзінің алдына биік мақсаттар қою керек.Соған жету жолында тынбай еңбек ету керек.
Полковник Тастанбекова өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді. Әсіресе жаһандық тұрақсыздық пен аймақтық шиеленістердің көбейген шағында екі ел арасындағы әскери қарым-қатынысты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салып жүр. Оған қажетті білім де тәжірибе де бар. Әріптестері мен басшылығы оны ерекше ескереді.
Марат Құсайынов, ҚР Қорғаныс министрлігінің Қытайдағы қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі:
- Гүлбану білікті маман еңбекқор кадр. Барлық дипломатиялық іс-шараларға аса жауапкершілікпен қарайды. Оның қазақ тарихындағы тұңғыш әскери дипломат әйел болуы оған артылған жауапкершілікті еселей түседі. Мұндай қыз-келіншектер көп болу тиіс. Бүгінде еліміздің Қарулы күштері қатарында 10 мыңға тарта ару отан қорғап жүр. Барлық аяулы әріптестерімді, еліміздің қыз-келіншектерін халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын.
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екіншісімен әлемді тербейді». Гүлбану Ғатиетқызы қызметте дипломат болса отбасында 4 баланың анасы. 2010 жылы Астана қаласының үлгілі отбасы атанды. Балаларының алды Франция, Оңтүстік Корея елдерінің жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған. Кіші ұлдарын ғылымға және бірнеше шет тілін меңгеруге баулып отыр.
Таир Есқараев, Г. Тастанбекованың жұбайы:
- Бәрі ойлайды. Әйелің полковник болса үйде бәрін сен орындайтын шығарсың деп. Біздің отбасымызда басқаша. Бір-бірімізді қолдаймыз. Әр мәселе, сұрақтарда біргеміз. Семья болған соң қолдауымыз керек. Қолдадым, сосын өзім де келдім.
Спортпен шұғылданады. Волейбол мен үстел теннисінен қорғаныс министрлігінің чемпионы. Мерейтойлық және ведомстволық медальдармен наградталған. Қазақ әдебиетін жаны сүйеді. Бос уақытында саябаққа жиі шығып кітап оқиды. Міне мұның бәрі нағыз қазақ әйелінің бүгінгі бейнесі.
Гүлбану Тастанбекова, ҚР Қорғаныс министрлігінің Қытайдағы әскери атташесінің көмекшісі:
- Үлкен сенім артып осындай шетелде ұзақ қызмет істеуге, оның үстіне тұңғыш әскери дипломат болуыма ұсыныс жасаған қолбасшылығыма үлкен алғысымды айтамын. Мерекелеріңіз құтты болсын құрметті арулар, аналар, барша қазақстандық қыз-келіншектер!
Бүгінде Қытай Халық Республикасындағы әскери атташелер корпусында 190-нан астам әскери дипломат бар. Оның ішінде тек 8-і ғана әйел. Олар АҚШ, Жаңа Зеландия, Зимбабве, Норвегия, Оңтүстік Африка, Франция және біздің Қазақстаннан. Олардың бәрі өз елінің әскери дипломатиясының үлкен жауапкершілігін арқалап жүрген нәзік жандар.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын