Павлодар өңірінде дүлей дауыл құлатқан жоғары кернеулі электр желілері қайта қалпына келтіріліп жатыр. Қазіргі күні өңірлерді жарықпен қамтуда еш кедергі жоқ дейді, электр энергиясын таратушы басты кәсіпорын «KEGOC» АҚ.
Ұлттық электр торабына кіретін Павлодар өңіріндегі электр желілерінде қатты дауыл кезінде жоғары кернеулі тоқ тарататын сегіз тірек баған құлаған болатын. Қазір жаңасы салынып жатыр.
Олег Журавлев, «KEGOC» АҚ Солтүстік ЖЭТ филиалы бас инженерінің орынбасары:
Бүгінде 11 бригада жұмыс істеп жатыр. 123 адам, 48 арнайы техника жұмылдырылды. Бұл желілерді апаттан соң қайта қалпына келтіру жұмысы жаңасын салғаннанда күрделі.
500 кВ желідегі жөндеу жұмыстарына еліміздің алты облысынан жоғары білікті мамандар келді. Жұмыс таңғы сағат үште басталып, түнгі 10-ға дейін жалғасады.
Қадырбек Биқолов, электр жөндеуші:
Біз Қарағанды өңірінен осы Павлодарлық әріптестерімізге көмекке келдік. Осы өңірде бірнеше ауылдарда жарық жоқ. Мына жаңбыр, жел, ауа райының жағдайына қарамастан күні-түні әрекет етіп, жұмысты тез-тез аяқтап, ауылдарды жарықпен қамтамсыз етуге тырысып жатырмыз.
Ералы Шынасылов, «KEGOC» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығының директоры:
Апаттан кейін тура екі сағаттан соң, кешкі 18:20-да желілерге тоқ бере бастадық. Сібір-Қазақстан-Урал транзиті мен Солтүстік-Оңтүстік торабында жағдай тұрақталды. Тұтынушыларға жарық берілді.
Павлодар өңіріндегі үш желідегі жөндеу жұмыстары алдағы жексенбіге дейін толық аяқталады.
Болат Аманбаев