Алматыда болған қатты дауыл кезінде қала тұрғыны Райхан Есалиева ажал аузынан аман қалды.
Кенеттен көтерілген жел оның жұмыс орнындағы нысанның әйнекті қасбетін жұлып түсіріп, әйелдің үстіне құлаған. Абырой болғанда, дәл сол жерде 7-қалалық аурухананың хирургі Газиз Төлепбергенов болған. Дәрігер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауыр жарақат алған әйелдің өмірін сақтап қалды.
Бұл оқиға 19 маусымда болған. Сол күні дәрігер Ғазиз Төлепбергенов демалыста еді. Кешке қарай базарға келеді. Сағат алтыдан кейін сауда орны ақырындап жабылып жатқан. Азық-түлік дүкенінде жұмыс істейтін Райхан Есалиева да үйіне қайтуға ыңғайланып, сыртқа бет алады. Кенеттен дауыл соғып, ғимараттың үстіңгі шыны қабырғасы құлап түседі.
Райхан Есалиева, қала тұрғыны:
- Бірінші басыма түсті, одан кейін қолыма түсті. Қарасам қан атқылап жатыр, өзімді қорғаймын деп жүгірдім. Сол кезде Ғазиз Құнанбайұлы жалғыз өзі балық алуға кірген ғой басқа ешкім жоқ. Скорый шақырыңыздаршы деп айқайлап жүгіріп келе жатырмын. Паника өзімде, қатты айқайлап жатырмын. Шошып жатырмын. Стресс.
Жанұшыра шырқырай шыққан дауысты естіген Ғазиз Құнанбайұлы бірден көмекке ұмтылады. Білек тұсының сүйекке дейін кесілгенін байқайды. Сол жерде табылған орамалмен байлап қанды тоқтатады. Жедел жәрдемді бірге күтеді. Жалғыз фельдшердің келгенін көрген соң науқаспен ауруханаға ілесіп барады.
Ғазиз Төлепбергенов, хирург:
- Жас маман болғандықтан науқасты жалғыз өзін жібергуге қорықтық. Осы қалада біраз әріптестерді танығандықтан. Өзіміздің больница жақын болғандықтан сондай шешімге келдік паралельді түрде өзім де білгендіктен әріптестеріме хабарласып қалалық орталық аурухананың қан тамыр мамандарына хабарласып біздің травматологиялық бригаданы, реанимационный бригаданы алдын ала күтіп алуды сұрап, соның арқасында науқас аман қалды деген ойдамыз уақытында көмек көрсетіліп.
Бүгін Райхан Есалива ауруханадан шықты. Енді жергілікті емханада емін жалғастырады. Жарақаттың жібін алған соң оңалтудан өтуі тиіс. 5-6 айдан соң тағы микрохирургиялық операция жасалады.
Райхан Есалиева, қала тұрғыны:
- Дәрігерлердің бәрі дайын тұрды Ғазиз Құнанбаевич өзі хабарласып отырды. Бәріне. Ажалдан мені бірінші алла одан кейін Ғазиз Құнанбаевич және осы қалалық 7-больница дәрігерлері. Өте сәтті өтті операция. Қолдарым бәрі жұмыс істеп тұр.
Ал Ғазиз Төлепбергеновтың өзі кез келген дәрігер осылай көмекке келер еді. Ол біздің парызымыз, мамандығымыз. Бірінші кезекте әйелдің өмірін, одан кейін қолын сақтап қалдық, дейді.
Ғазиз Төлепбергенов, хирург:
- Жас келіншек өте үлкен жарақат алды оң қолынан. Сол сәтті артериалды венозды қан кету болды науқастың. Науқас травматикалық шоктың ауыр дәрежесінде болды. Біздің саладағы мамандарды мен көбісін ойлаймын, ол кете алмайды. Өйткені жұмысын жақсы көреді. Адамдарды жақсы көреді, жұмысын жақсы көреді.
Ғазиз Құнанбайұлынан сұхбат жазу үшін 2-3 сағат күтуге тура келді. Шұғыл операциядан шыққан беті осы. Бүгін құрылыс басында ауыр жарақат алған жас жігіттің өміріне араша түсті. Қазір науқастың жағдайы қалыпты. Жансақтау бөліміне ауыстырылды, дейді денсаулық саласының үздігі.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов