Күн өткен сайын шаршы алаңдағы тартыс күшейіп келеді. Астанада бокстан Әлем кубогы жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір жартылай финал жолдамалары сарапқа салынып жатқан сәт. Нақты қанша жерлесіміз осы кезеңге өтті? Жалпы ұлттық құраманың аяқ алысы қалай?
Аслан Қаженов, тілші:
- 11 боксшымыз жартылай финалда. Астанада Әлем кубогы жалғасып жатыр. Айта кету керек, еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдап жатыр. Оған 30 елден 300-ге жуық қатысушы жиналды және жарыстың кезекті күні біз үшін өте сәтті өтті. Әсіресе, көпшілік аса ауыр салмақтағы қазақстандық Айбек Оралбай мен италиялық Диего Лензи кездесуін тағатсыздана күткен еді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті қазақ жігітіне берді. Осылайша, Айбек жартылай финалға жолдама алды. Бұған қоса, Махмұд Сабырхан мен Сабыржан Аққалықов та қарсыластарын ұтып, келесі кезеңге өтті. Әйелдер арасында Наталья Богданова мен Айдана Забынбекова да жартылай финалда өнер көрсетеді.
Айта кету керек, Айдананың қарсыласы жекпе-жекке шығудан бас тартты. Дәл солай Нұрбек Оралбай да қарсыласының шықпауына байланысты, автоматты түрде жартылай финалдан табылды. Сонымен қатар бұған дейін Санжар Тәшкенбай, Сағындық Тоғамбай, Бекзат Нұрдәулетов, Виктория Графеева және Назым Қызайбай да жартылай финалға шыққан болатын. Яғни, ерлер және әйелдер бәсекесін қоса алғанда 20 боксшымыздың 11-і жартылай финалда, 5-еуі ширек финалда. Қалған ұлттық құраманың 4 өкілі жарысты аяқтады. Астанадағы әлемдік аламан 6 шілдеге дейін жалғасады.