Түркістан облысы Сауран ауданында ит жүгіртіп, тазы ұстайтын саятшы Сұлтан Ерімбетов тұрады.
Оның оннан астам тазысы бар. Қазіргі уақытта ол қазақы төбеттерді де аң аулауға баулып жүр. Бабадан мирас болып қалған ұлттық өнерді дәріптеп, саятшылықты серік еткен аңшы.
- Бұлар маған кеттік деп жатыр.
Аңға шығар алдында Сұлтанның тазылары елгезек, елеңдегіш мінез танытса, астындағы тұлпары жер тарпып, тықырши бастайды. Бұл әбден сонарға шығып үйренген жануарға тән қасиет,- дейді аңшы. Саятшы аңға шыққанда қару асынбайды. Себебі жүйрік тазыларына сенеді.
Сұлтан Ерімбетов, саятшы:
- Менің тазыларым із кесіп, аңды бері қарап қуып келе жатса, қасымда тұрған тазылар оны қақпайлап тұрады. Қалай қарай беттеді? Егер быйлай қарай беттеп бара жатса, алдымнан кішкене төмен қарай түсіп, күтіп тұрады алдынан келіп. Иттер қасымда жатады, төбеге бір шығып.
Саятшы тазыларының аң аулау тәсілі әртүрлі екенін айтады. Бірі – ұстаған аңының тірсегін қиса, екіншісі — белден бүріп, омыртқасын үзеді. Ал үшіншісі — алқымынан алып, демі біткенше жемтігін жібермейді. Көбіне түлкі, қарсақ, шибөрі кезігеді. Күні бойы дала жортқан аңшы кеш бата үйіне оралады. Астындағы атын кермеге байлап, тазыларын тамақтандырады. Азығы — ұн мен ет.
Сұлтан Ерімбетов, саятшы:
- Үшінші сорттағы ұн әкеліп, базардан қалдық ет жинап келеміз. Қайнатып, майын, сөлін шығарып, таңертең бір мезгіл беремін қыстың күндері, кешке тағы ішеді. Жаздың күндері бірақ мезгіл беремін, тамақ ішпейді. Базардан тері әкеліп беремін. Тері ішіндегі құртын айдап шығады. Тамағына дәрумен қосып тұрамыз ішекқұртқа қарсы. Күшіктері 3 айлық кезінде ауыратыны бар укол салып тұрамыз.
15 жылдан бері саятшылықты серік еткен Сұлтан аңға әдетте күздің қара суығы мен қыста шығады. Мұндайда жабайы аңдар қалың ағаш пен жыңғылды паналайды. Тау баурайында аңның түр-түрі кездеседі. Көктем келіп, табиғат оянған шақта саятшылық та тоқтайды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов
Related items