Атыраулық археологтер «Ақтөбе-Лаэти» тарихи қалашығына жүргізген археологиялық қазба жұмысы кезінде олжаға кенелді. Олар қазба орнынан ортағасырлық күміс тиындар тапты.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологі Амангелді Мұғауұлының айтуынша, бұл монеталардағы бедерлі таңбаларды нумизматика профессоры Павел Петров зерттеген. Күміс тиындар Жошы ұлысы кезінде құрылған Алтын орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақша тобына жатады.
«Бұл тиындар белгілі нумизматик ғалым Павел Петровтың пайымдауынша, ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары бар. Ал екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Мұның себебін Шығысханнан тараған Құбылай ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасындағы қақтығыстарда қолға түскен тұтқын Номуханмен байланыстыруға болады», деді Амангелді Мұғауұлы.
Тарихи қалашықтағы қазба орнынан көне ыдыс табылып отыр. Мұндай ыдыс Тағара деп аталады.
Облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың пікірінше, кейінгі жылдары аталған қалашықты зерттеуге ден қойылған. Осы кезге дейін қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалып тұр. Алдағы жылдары мұнда ашық аспан астындағы музей жасақталады.
«Биыл тарихи қалашықтағы археологиялық зерттеу жұмысына Х.Досмұхамедов Атырау университетінің студенттері тартылды. Көне қалашықтың 500 шаршы метр аумағынан табылған жәдігерлер оқу ордасының зертханасында зерттеледі», дейді Т.Достыбаев.
Атырау облысы