What are you looking for?

Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар басталды

01.08.2025

Бүгін облыс орталығында «Абай академиясы» атты энциклопедиялық порталдың тұсауы кесіліп, қазақ күресінен қалалық чемпионаттың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды 24kz.

Сонымен қатар этноауылда ақшаң-қан киіз үйлер тігіліп, ұлттық бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды.

Ұлы ақынның мерейтойына орай Бейбітшілік аралында этноауыл ашылды. Онда «Асыл мұра» атты қолөнершілер фестивалі өтті. Үздік шеберлер туындыларын көпшілікке ұсынды. Белгілі қолөнерші Сәкен Назарханұлы Абайдың домбырасы мен кісе белдігін өз қолымен қайта жасап шыққан.

Сәкен Назарханұлы, қолөнер шебері:

- Түпнұсқасының кішкене тозған жерлері бар. Ал мен мынаны, көшірмені болашақта жастар, халық көріп, сол заманды көз алдарында суреттеу үшін көшірмесін жасап, 180 жылдыққа байланысты өзіміздің Абай мұражайына сыйға тартпақшымын.

Этноауыл таңғы 10-нан кешке дейін жұмыс істейді. Мұнда театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Қалалық мәдениет сарайы мен Әміре Қашаубаев атындағы филармония ұжымы концерттік бағдарлама ұсынады.

Маржан Бахатова, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы:

- Қалалықтарды, қала қонақтарын этноауылға шақырамыз. Этноауыл аумағында 10 киіз үй құрылып, осы жерде ұлттық дәм ұсынылып жатыр. Сонымен қатар күнделікті 10 күннің ішінде Ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар, 10 күн бойы осы сахнада ұлттық өнерімізді дәріптейтін өнерпаздардың әні мен күйі, ұлттық би, күй жарыстары кең көлемде аталып өтіп жатыр.

Ұлы ақынның мерейтойына орай өңірде 10 тамызға дейін 100-ден астам мәдени және спорттық шара өткізу жоспарланған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жүлде қоры 9 автокөлік пен 90 жылқы болады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар осы сыйлықтарға ие болады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Ботагөз Дандыбаева, Медет Өмірханов

Social Link

Follow Me On Social Media