What are you looking for?

Алматыда Сайран су қоймасына қалқыма көпір салынды

01.08.2025

Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Десе де, қазірдің өзінде бұл жер алматылықтар мен қала қонақтарының арнайы іздеп келетін көрікті орындарының біріне айналды. Әсіресе, меймандарға су үстімен жүріп өткендей әсер қалдыратын көпір қызық.

Қалқыма көпірдің ұзындығы 251 метр. Сайранның екі жағасын байланыстырып тұр. Оның ерекшелігі сол, әр қадам басқан сайын, судың сылдырын сезініп, көл бетімен кетіп бара жатқандай сезім сыйлайды. Көпір резеңкеден жасалған модульдік блоктардан салынып, жиналмалы 33 зәкірмен бекітілген. Құрылымы өте берік. Бір шаршы метрінің өзі 400 келіге дейін салмақты еркін көтереді.

Ринат Зілмұхамедов, жоба жетекшісі:

- Қауіпсіздік туралы айтатын болсақ, ол жағына алаңдауға негіз жоқ. Біз оны әбден сынақтан өткізіп көрдік. Адам түгілі жүк тиелген ауыр көлік жүріп өтсе де, көтере береді. Мәскеуде осы көпірдің құрылымын сатып алған кезде сол жерде де тексердік. Барлық қауіпсіздік талабына сай келеді. Одан қиыс кеткен жеріміз жоқ.

Сайран су қоймасы 1971 жылы салынған. Содан бері бірнеше рет жөндеу жүргізілгенімен дәл осылай адам арнайы іздеп келетін көрікті орынға айналмаған. Бұл жолы оның жан-жағы адам танымастай өзгерді. Қала ортасынан оазис пайда болды. Қазір жақын маңда тұратын үлкен-кіші осы жерден табылады.

Шәкен Мақымбек, қала тұрғыны:

- Өте қолайлы жер болып тұр. Серуендеген кезде жан дүниең демалып, рахаттанып қалады. Қазір бірінші рет жүріп көрейін деп жатырмын. Себебі, бірнеше ай Астанада болдым. Жүріп көреміз. Байқауымша, жаман емес. Жақсы жасалған дүниелер.

Қуандық Сейітов, қала тұрғыны:

- Мына жердің бәрі әдемі. Бұрын мұндай болмаған. Мына жермен былай өтсең де, былай өтсең де, сен кәдімгідей сезесің судың үстімен өтіп бара жатқандай. Сол жері керемет.

Сайранды абаттандыру жұмыстары әлі толығымен аяқталған жоқ. Қазір бұл жерде 200-ге жуық жұмысшы еңбек етіп жатыр.

Оңалбек Қыдырбаев, қалалық қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасының бөлім басшысының м.а.:

- Қыркүйек айына дейін жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Демалыс аймағының негізгі бөлігін абаттандыруға барынша ден қойдық. Оған қоса, автоматты өрт сөндіру жүйесін қайта құрып, баспалдақпен жүретін алаңның көпшілікке ыңғайлы , қауіпсіз болуын назарға алдық. Мұның барлығы, әрине, ең алдымен келушілердің жайлы жұүріп, еркін серуендеуі үшін жасалып жатыр.

Сайранның жағалауы екінші арбатқа айналуы мүмкін. Отбасылық серуен құрып, ұмытылмас кеш ұйымдастырып, қаланың әсем көрінісін тамашалауға болады. Мұнда қазірден серуендеуге келген кісі қарасы қалың. Музыкалық аспабын асынып, жанды дауыспен ән шырқаған өнерпаздар да баршылық. Ал, суға түсуге тыйым салынған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев

Social Link

Follow Me On Social Media