Тараздағы тергеу изоляторында 73 жастағы Т.Т. есімді адам қайтыс болды. Ол пара беру ісі бойынша сотталған еді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ер адамның демі жетпей, тұншығуы тағы қайталанғаны айтылады.
Марқұмның қызына Г.Т. әкесінің қазасы туралы бүгін, 3 тамызда таңғы 6 шамасында хабарлаған.
Денсаулығы нашарлаған қарт ер адам биыл мамырда пара беру айыбы бойынша сотталған. Ол №67 тергеу изоляторында апелляциялық шағымының қаралуын күтіп отырған. Туыстарының айтуынша, сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілген. Кейінгі рет 30 шілдеде 13 тамызға ауыстырылған.
Т.Т.-ның жағдайы туыстарын бұрыннан алаңдатып келген. Оған күн сайын шұғыл медициналық көмек қажет болған. Дәрігерлер ер адамға жүрек жеткіліксіздігі, кардиал астманы және қант диабеті диагнозын қойған. Ол – екінші топ мүгедегі, жүрегіне кардиостимулятор салынған.
Сот-медициналық сараптама қорытындылары бойынша оның диагноздары жазасын өтеуден босатуға негіз бола алатын аурулар қатарына жатады.
Қызының айтуынша, Т.Т. жатқан күйі ұйықтай алмаған, жиі тұншығып отырған. Өкпесіне су жиналып, ісік пайда болған. СИЗО тарапынан жедел жәрдем шақыртылып, қолдан келген көмектер жасалғанымен, ондай диагнозбен ол қамауда болмауға тиіс еді.
Т.Т.-ға қатысты іс 2023 жылдың аяғынан бастап Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.
Онымен бірге оның күйеу баласы Э.М. және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы бас маманы С.У. айыпталған. Э.М. мен Т.Т.-ға контрафактілік темекі өнімін алу мақсатында пара бергені үшін, ал С.У.-ға пара беруге делдал болғаны үшін айып тағылған.
Қорғаушылар Т.Т.-ның денсаулығына байланысты жаза түрін жеңілдетуді сұраған. Туыстары оның босатылуын емес, стационарға ауыстырылуын немесе бас бостандығынан айырмайтын жаза қолданылуын өтінген. Алайда мамырда сот оны қамауда қалдырды. Нәтижесінде сот Т.Т.-ны 9 жылға, күйеу баласын 10 жылға бас бостандығынан айырды. С.У. 3 жылға сотталып, өмір бойына белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!