« Жүрегімнің жеңімпазы». Бүгін Астанада осындай атаумен ағза донорлығын қолдау мақсатында жүгіруден марафон өтті.
Оған 5 мыңға жуық адам қатысып, түрлі қашықтықтарда бақ сынады.
Ағза донорлығын қолдайтын марафон 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жыл сайын қатысушылар саны артып жатыр. Мәселен, былтыр 4 200-ден аса адам қатысса, биыл олардың саны 5 мыңға жуықтаған.
Юрий Пя, кардиохирург:
- Қазақстан Орталық Азиядағы донорлықты дамытуға ат салысып жатқан жалғыз мемлекет. Трансплантация жасау деңгейі өсіп келеді. Қазірдің өзінде адамдар таң атпастан жиналып, марафонға дайындалып жатыр. Бұл өте керемет бастама. Спорт арқылы өмір үшін күресіп жатқан жандарға көңіл бөліп, қолдау білдіре аламыз.
Арнайы деректерге сүйенсек, қазір елде ағза донорлығына 4 мың 177 адам кезекте тұр. Олардың 145-і жүрек трансплантациясына мұқтаж.
Анар Шаймергенова, марафонға қатысушы:
- Бір өмір біткеннен кейін екінші өмір басталады дегенге сену керек. Мен соның дәлелімін. Өйткені менің өмірімді Оксана деген қыз сақтап қалды. Ол о дүниеге аттанған соң маған өмірін берді. Солай бір адам Қазақстанда 5 адамның өмірін сақтап қала алады. Өзіме бүйрек салған мәйіттік донордан.
Қатысушылар физикалық әлеуеттеріне байланысты 1, 3 және 10 шақырымдық қашықтықтарды жүгіріп өтті. Арасында «Хабар» агенттігінің қызметкерлері де бар.
Мәдина Әубәкірова, марафонға қатысушы:
- Мен бірінші рет қатысып жатырмын. Өз күшімді сынап көргім келді және осы игі іс үшін қатыстым. Бізден 10 шақты адам 3 және 10 шақырымға қатысып жатыр. Өзіме 3 км қиын болған жоқ. Келесіде 10 км-ге жүгіріп көру керек екен деген үміт бар.
Армана Мұстафа, марафонға қатысушы:
- Бұл адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды іс-шара. Мұндағы басты миссия — көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Біз бүгінгі жүгірумен шектеліп қалмаймыз. Енді 28 қыркүйекте Алматыда өтетін үлкен марафонға дайындалып жатырмыз.
Айта кетейік, «Жүрегімнің жеңімпазы» фестивалі жай ғана спорттық мереке емес. Осындай шаралар арқылы трансплантацияға мұқтаж жандарға үміт сыйлау.