Бір ер адам ChatGPT-дің қате кеңесінен кейін психиатриялық бөлімшеге түскен. Бұл туралы SecurityLab жазды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап.
XX ғасырдың басында бромидпен улану, яғни бромизм жиі кездесетін құбылыс еді. Ол көбіне психиатриялық немесе тері аурулары бар науқастарда байқалатын. 1975–1989 жылдары АҚШ-та дәрі-дәрмектерде бромид қолдануға тыйым салынған соң, мұндай жағдайлар сиреді. Алайда интернет-дүкендердің дамуы бром қосылған заттарды қайтадан қолжетімді етті, соның салдарынан дәрігерлер жаңа улану оқиғаларын тіркей бастады. Осындай ерекше жағдайлардың бірін америкалық клиниканың дәрігерлері Annals of Internal Medicine журналында сипаттады.
Денсаулығында айтарлықтай шағымы болмаған 60 жастағы ер адам жедел жәрдем бөліміне көршісі өзін улап жүр деген күдікпен келеді. Алғашқы тексеріс қалыпты болғанымен, зертханалық талдау нәтижелері қандағы хлорид деңгейінің өте жоғары екенін, аниондық айырманың теріс мәнін және фосфат тапшылығын көрсетті. Көп ұзамай науқаста паранойя, есту және көру галлюцинациялары пайда болып, оны психиатриялық бөлімге жатқызды.
Кейін ол қатаң диета ұстанып, тек дистилденген су ішкен және үш ай бойы ас тұзын (натрий хлоридін) мүлдем қолданбағаны белгілі болды. Оның орнына интернеттен сатып алған натрий бромидін тұтынған. Бұл идея оған ChatGPT арқылы келген екен, ол жерде бромидті хлоридтің орнына қолдануға болатыны айтылған, бірақ оның тек техникалық мақсаттағы қолданылатыны ескертілмеген.
Уақыт өте келе ер адамның бетінде безеу, терісінде қызыл дақтар пайда болып, шаршау, ұйқысыздық, жеңіл атаксия және қатты шөлдеу сияқты бромизмнің классикалық белгілері байқалған. Талдау оның қанында бромид деңгейінің өте жоғары екенін көрсетті.
Мақала авторлары бұл жағдай жасанды интеллекті медициналық кеңес алу үшін пайдаланудың қаупін ескертеді. ChatGPT сұраққа жауап бергенде бромидтің зияны туралы ескертпей, медициналық контекстсіз ақпарат берген. Сарапшылар жасанды интеллектің ғылыми тұрғыдан қате немесе контекстен үзіп алынған деректер беруі мүмкін екенін және мұндай ақпаратты сын көзбен қабылдамаса, денсаулыққа ауыр зиян келуі ықтимал екенін ескертті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!