Мектептерде үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы кундер қалды , деп хабарлайды 24kz.
Ел оқушылары 21 наурыздан 31 наурызға дейін 11 күн демалады.
Ал Францияда оқушылардың демалысын қысқарту қарастырылып жатыр. Президент Эмманюэль Макрон мәселені тағы қозғады. Өйткені Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда, жергілікті оқушылар көп демалады. Бастаманы жақтаушылар Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Корея секілді елдерді мысалға келтіреді. Ол жақта балалар аз тынығады. Бірақ білім беру жүйесі үздіктердің бірі саналады.
Француз оқушылары жылына 36 апта оқып, 16 апта демалады. Ең ұзақ демалыс жазда. Балалар шілденің басында оқуын аяқтап, қыркүйекте жаңа сыныпқа ауысады. Президент Эмманюэль Макрон осы демалысты қысқартуды ұсынып отыр. Демалыстың ұзақ болуынан оқушылардың үлгерімі нашарлап бара жатқанын алға тартады. Бұл, әсіресе, тұрмысы төмен отбасылардағы балалар арасында қатты байқалатынын айтады. Өзгеріс келер жылы күшіне енуі мүмкін. Мәселе бұрыннан көтеріліп келеді. Бірақ қоғамда қолдау таппаған. Бастамаға кәсіподақтар қарсы. «Билік алдымен мұғалімдер тапшылығы, олардың төмен жалақысы мен оқу бағдарламасының күрделілігі сияқты мәселелерді шешу керек», - дейді олар.
Жаңа Зеландия оқушылары аз демалады
Оқушылары ең аз демалатын елдің бірі – Жаңа Зеландия. Онда балалардың жазғы демалысы желтоқсанның ортасынан басталып, қаңтардың соңына дейін жалғасады. Балалар осы кезде 6 апта ғана демалады. Ал қысқы, күзгі және көктемгі демалыста оқушылар 2 аптадан ғана тынығады. «Елдің білім беру жүйесінің үздіктердің қатарына кіретіндігінің бір себебі осы», - дейді сарапшылар. Сосын білім саласына қаржының көп бөлінуі нәтижесін берген. Мемлекет жалпы ішкі өнімінің 6,5%-ін осы салаға жұмсайды.
Оңтүстік Корея оқушылары жазда 4 апта ғана демалады
Оқушылары аз демалатын тағы бір ел – Оңтүстік Корея. Мұнда жазғы демалыс небәрі 4 апта жалғасады. Шілденің аяғынан тамыздың ортасына дейін созылады. Жергілікті билік осының арқасында оқушылары үлгерім бойынша үздіктердің қатарына кіретінін айтады. Десе де, қатаң жүйеге қатысты сын айтатындар да көп. Олар таңнан кешке дейін сабақ оқитын балалардың шаршайтынын алға тартады. Тіпті демалыс кезінде де оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша қосымша сабақтарға барады.
Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Сандугаш Байкуаныш