Жасанды интеллект технологиялары денсаулық сақтау, энергетика, білім беру секілді салаларға жаңашылдық алып келді, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен британдық дәрігерлер эпилепсияны диагностикалауда жасанды интеллект көмегіне жүгінуде.
Google жаңа ЖИ ассистентін ұсынды. Ол ғалымдарға ғылыми зерттеулер жүргізуге көмектеседі. Бұл инновациялық үлгі ғылыми мақалалар мен деректер базаларын терең талдай отырып, жаңа гипотезалар ұсынады. Алғашқы сынақтар Стэнфорд университеті, Лондонның Империялық колледжі мен Хьюстон ауруханасы сарапшыларының қатысуымен өткізілді. Нәтижесінде жасанды интеллектінің ғылыми зерттеулерде тиімді жұмыс істейтіні айқындалды. Мысалы, модель бауыр фиброзын емдеу үшін дәрілерді қайта қолдануды ұсындған. Бұл ұсыныс кейін ғалымдар тарапынан расталып, науқастар үшін жаңа емдеу мүмкіндіктерін ашты. Google-дің бұл технологиясы ғылымның жаңа жетістіктеріне жол ашып, зерттеушілерге тиімді әрі жылдам шешімдер табуға мүмкіндік бермек.
Британдық дәрігерлер эпилепсияны диагностикалау үшін нейрожелі қолданады
Британдық дәрігерлер эпилепсияны диагностикалауда жаңа, аса тиімді құралды қолдана бастады. Бұл инновациялық жүйе МРТ деректеріне негізделіп, мидың жұмысын терең талдай отырып, эпилепсияның жасырын белгілерін анықтай алады. Зерттеу барысында 700-ден астам науқас толық медициналық қаралымнан өтті. Нейрожелі 10 жылдық зерттеу мен даму жұмыстарының нәтижесі ретінде жасалған. Алайда әзірлеушілер оны әлі клиникалық қолдануға енгізбеген. Қазірде бұл технология ашық түрде ұсынылып, рентгенологтарға бүкіл әлем бойынша диагностика сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Пекинде ЖИ саласына арналған білім беру бағдарламасы іске қосылады
Қытай билігі жасанды интеллектінің дамуына ерекше көңіл бөліп, оны мектеп қабырғасынан бастап оқытуды қолға алуда. Bloomberg болжамдарына сүйенсек, 1 қыркүйектен бастап Пекинде бастауыш және орта мектеп оқушыларына ЖИ бойынша арнайы сабақтар жүргізіле бастайды. Білім беру орталықтары ЖИ курстарын ашуға немесе оны информатика пәндеріне енгізуге мүмкіндік алады. Биыл Қытай білім саласында жасанды интеллектіні қолдану туралы «Ақ кітап» жариялауды жоспарлап отыр. Қытай ұзақ уақыт бойы жасанды зерде технологияларын дамытуға бағытталған саясат жүргізіп келеді. Бұл салаға деген қызығушылық қытайлық DeepSeek өзінің нейрожелісінің тиімділігін және аз ресурспен жұмыс істейтінін жариялағаннан кейін айтарлықтай артты.
Авторлары: Динара Орынтай, Сандуғаш Байгуаныш