What are you looking for?

Биыл 140 ғалым баспанамен қамтылады

11.03.2025

Елде соңғы 6 жылда ғылымды қаржыландыру 6 есе ұлғайған.

Ал алдағы екі жылда салаға 531 миллиардтан астам теңге бағытталмақ. Қазір қазақ ғылымы қарыштап болмаса да, қадымдап дамып жатыр. Былтыр "Ғылым және саясат" туралы заң қабылданды. Ғылыми қордың мәртебесі бекітілді. Ал биылдан бастап ғылымды дамыту әкімдерге жүктелді. Бүгін Үкіметте қазақ ғылымының жай-күйі талқыланды.

Елде 25 мыңнан астам ғалым бар. Әсіресе жастардың қатары жыл санап артып келеді. Қазір салада көз майын тауыса еңбек етіп жүргендердің 46 пайызын жас мамандар құрайды. Былтыр 2 мыңнан астам зерттеуші 800-ден аса жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алған. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың бір парасы ғана. Ғылым қоры мен түрлі грант есебінен іске асқан бастамалар аз емес. Мамандардың айтуынша, кейінгі 6 жылда салаға 6 есе көп қаржы бөлінген. Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту да кешенді жоспардың көрінісі.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 2361 ғылыми жоба 835-і, кемінде 35 пайызы жас ғалымдар жүзеге асырып келе жатыр. 1475 ғалым шетелден тағылымдаман өтті. Жас ғалымдарды қолдау күшейтілді, тұңғыш рет. 351 пәтер берілді. оның ішінде 61 тегін Президентіміздің тікелей тапсырмасымен.Жалпы биыл 140 пәтер берілетін болады биыл.

Тек мемлекет қаржысына иек артпай, салаға бизнесті тарту маңызды бағыт. Ал ғылыми ізденістерге қаржы құйғысы келетін кәсіпкерлерге мемлекет салықтық жеңілдік жасайды. Бүгінде 2 мыңнан астам жобаға қаржы көзі тартылды. Ғалымдар әсіресе жасанды интеллектінің мүмкіндігін сынап көрмек. Соның алғашқысы сүт безі ісігін ерте кезден анықтауда қолданылады. Бүгінде пилоттық жоба Астана айти-университеті қабырғасында жүзеге асып жатыр. Отандық мамандар қолға алған бастама жалғыз бұл ғана емес. Сонымен қатар бұлшықет сигналдарын автоматты түрде тану мүмкіндігі бар бионикалық білек протезі әзірленді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов ғылыми ізденістерді экономикаға дендеп енгізу — өзекті мәселе екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ғылым саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау ісінің маңыздылығын атап өтті. Ғылым технологиясы жоғары экспортқа бағытталған жаңа кәсіпорындар ашуға өз үлесін қосуға тиіс. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды арттырған жөн. Өндірісті локализациялау, экспорттық өнім шығарудың жаңа технологияларын әзірлеу барысында бизнеске қолдау көрсету керек. Әрбір оқу орынының ірі кәсіпорындардан өз серіктесі болуы тиіс. Олар оқу орындарына тапсырыстар беріп, шығыстарды бірлесіп қаржыландыруы керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен "AI-Sana" бірегей бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол 100 мың қатысушыны қамтып, ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруға, технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Қазақ ғылымы дамыса, кез келген саланың тамырына қан жүгірері анық. Бұл ретте аймақ әкімдеріне нақты міндет жүктелді. Олар әкімдіктер жанынан ғылым жөніндегі кеңестер құрып, ғалымдардың ізденістеріне қаржы табуға құлық танытуы тиіс.

Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров

Social Link

Follow Me On Social Media