0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Түркістан облысында жекеменшік мектептер жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені жыл басталғалы мектептердің шығындарына ақша бөлінбеген. Ал екі айдан бері еңбекақы алмаған мұғалімдер күнкөріс үшін сабақтан соң жалданып өзге жұмыс істеуге мәжбүр.
Бастауыш сынып мұғалімі Гүлжан Тәшімбетова қазір аспаздықпен жан сақтап отыр. Сабақ бітісімен мейрамханаға қарай жүгіреді. Түн жарымына дейін сонда. Өйткені мектеп жыл басында жалқасының үштен бірін әзер берген. Ал ақпан айына бір тиын да еңбекақы алған жоқ.
Гүлжан Тәшімбетова, мектеп мұғалімі:
Тойханаға шығамын. Енді күн көрудің амалы ғой. Бір айылққа қарап отыр едік, ол әлі жоқ. Кешке жұмысқа шығамын, ертеңіне балаларға білім берудің өзі де оңай емес.
Сарыағаш пен оған іргелес Келес ауданында 30-ға тарта жекеменшік мектеп бар. Оның әрқайсысында техникалық қызметкерлерді қоспағанда кемі 50-60 мұғалім жұмыс істейді. Жыл басталғалы бәрі де жалақысыз қарыз үстіне қарыз жамап келеді.
Айнұр Әділбекова, мектеп мұғалімі:
Отағасы денсаулығына байланысты жұмыссыз отыр. Мен ғана жұмыс істеймін. Бала-шағаны асырау керек. Барлығы мектепке барады. Оның бәрінің шығыны бар. Отбасылық шығынға ақша жеткізе алмай жатырмыз, несиені айтпағанның өзінде.
Сондай-ақ жекеменшік мектептерді салған кәсіпкерлер де тығырыққа тірелді. Құрылыс үшін мемлекет тарапынан берілетін инвестициялық қайтарым қаржысын ала алмағандықтан істері тоқырады.
Исақ Оспанов, мектеп құрылтайшысы:
Ай сайын банктің несиесін құймасаң пенья қояды, салық төлемесең ол да қояды. Одан басқа коммуналдық қызмет ақысының өзі қанша ақша. Оны ешкім ұстап тұра алмайды. Керек десеңіз кейбір мектептерді сатылымға қойып қойды. Жекеменшік мектептер банкроттықтың алдында тұр.
Еткен еңбегінің ақысын ала алмаған ұстаздар мен кәсіпкерлер бүгін аудан әкімінің алдына барды. Проблемаларын жайып салды. Өйткені жекеменшік мектептерді қаржыландыру биылдан бастап жергілікті биліктің құзыретіне берілген. Жауаптылар жалақы мен төленуі тиіс қаржылар осы өзгеріс пен бюджет тапшылығына байланысты кешігіп жатқанын айтады.
Дәулет Ақатов, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы:
Қаржы төлеу қаржы орталығы арқылы төленеді. Сондықтан да қазіргі қаржы тапшылығына байланысты, біз барынша бірінші кезеңде мұғалімдердің айлық жалақысын толық шешіп, әрі қарай инвест жобаның қаржысын шешуге байланысты жұмыс жүргіземіз.
Жалпы бұл мәселе Түркістан облысының барлық аймағына ортақ. Өңірде 160 жекеменшік мектеп бар. Биілік әр жолы уәде бергенімен мәселе түпкілікті шешімін таппай, қайта-қайта кейінге шегеріліп келеді.
Ғани Қалмаханов