What are you looking for?

"200 млн теңгені жымқырған": "ҚазАвтоЖол"-дың экс-басшысының ісі апелляцияда қаралды

11.03.2025

Астанада былтыр желтоқсан айында миллиондаған қаражат ұрлады деген "ҚазАвтоЖол" экс-басшысының ісі апелляцияда қаралды, деп хабарлайды Астана соттары ресми Telegram-арнасында.

Былтыр желтоқсанда Астанада "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ бұрынғы төрағасы және бас мердігерге "Жақсы-Есіл-Бұзылық" автожолды жөндеуге бөлінген 200 млн теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты жымқырғаны үшін үкім шыққан болатын.

Бүгін Астана соттары Telegram-арнасында іске қатысты жаңа деректерді жария етті.

"Астана қалалық соты адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салғаны (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) үшін қосымша жаза тағайындала отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылуға сотталған М. мен Ж.-ға қатысты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы үкімін қарады.

"ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ-ның азаматтық талап қоюы қанағаттандырылған", — делінген хабарламада.

Ведомство хабарлауынша, бірінші саты соты М. 2021 жылдың шілде-тамыз айларында, мұндай кездесулерді өткізуге негіз болмаса да, Ж.-ның және мүдделі тұлғалардың қатысуымен кездесу ұйымдастырып, онда "Жақсы-Есіл-Бұзұлық" тас жолындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу бойынша қызметтерді бір көзден алу тәсілі арқылы "Асыл-ЖАС" ЖШС-мен шарт жасасу мәселесін көтергенін анықтаған.

"2021 жылғы 20 қазанда М. "Dike" ЖШС, "Асыл-ЖАС" ЖШС консорциумымен "Жақсы-Есіл-Бұзылық" Р-13 Республикалық маңызы бар автомобиль жолының 80-82 шақырым жолын күрделі жөндеу бойынша 2,2 млрд теңгеден астам сомаға "Dike" және "Асыл-ЖАС" ЖШС консорциумымен бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы заңсыз бұйрық шығарғанын анықтаған.

2021 жылдың 21 қазанында М.-ның бұйрығы негізінде Ақмола филиалы Ж.-ның атынан "Dike" ЖШС, "Асыл-ЖАС" ЖШС консорциумымен шарт жасасқан, ал ол кезде сот шешімдерімен "Асыл-ЖАС" ЖШС мен "Dike" ЖШС-не тиісінше кредиторлық берешегі 264 млн теңгеден және 685 млн теңгеден асатын оңалту рәсімдері қолданылылған, яғни консорциум мүшелері қаржылық тұрақсыз компаниялар болған және келісім-шартты орындауға нақты мүмкіндіктері болмаған.

2021 жылдың 28 желтоқсанында келісім аясында "Асыл-ЖАС" ЖШС-нің есеп айырысу шотына 200 млн теңге сомасында аванс аударылып, оны М. және Ж. талан-таражға салып, мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.

Сот үкімімен келіспеген сотталғандардың адвокаттары апелляциялық шағым түсіріп, оларды ақтауды сұрады.

Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сотталғандардың кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлердің айғақтарымен, аудиторлық есептердің қорытындыларымен, мамандардың түсіндірмелерімен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді", — делінген хабарламада.

Сот актілері заңды күшіне енді.