Жамбыл облысында жолдарға салғырт қараған 57 лауазым иесіне 1,5 миллион теңге айыппұл салынды.
Олардың қатарында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің, мердігер мекемелердің басшылары мен ауылдық округ әкімдері бар. Жыл басынан бері жол-техникалық инспекция қызметкерлері 5 мың шақырымға жуық автожолдың жағдайын тексеріп, 2700-ден астам ақау анықтаған. Негізгі мәселелер қатарында жолдардың сапасыздығы, жол белгілерінің жетіспеуі, инертті материалдардың уақытылы қосылмауы және жолдарды қардан тазарту жұмыстарының тиісінше жүргізілмеуі бар. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында инспекция қызметкерлері тиісті нұсқамалар берген.
Азамат Бақытұлы, Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Нұсқамалар мүлде орындалмаса ҚР ӘҚК 462-бабы, 3 бөлігінде көрсетілген құзіретті органмен жолданған нұсқаманы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Бұл бойынша жұмыстар жүргізілуде. Полиция департаменті басшылығының үнемі бақылауында.