Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Түркістан облысындағы Төле би және Қазығұрт аудандарының 80 жылға жуық тарихы беймәлім болып, өшіп кетуге шақ тұр. Өйткені екі аудандағы мемлекеттік архив ғимараттары қирап, апатты жағдайға жеткен.
Мұрағат ғимараты осыдан 80 жыл бұрын салынған. Қазір едендері ырсиып, төбесі опырылып құлайын деп тұр. Соның салдарынан 30 мыңнан астам құжат пен 200-ге жуық мекеменің іс-қағаздары бүліну қауіпі бар.
Архивке қарасты 4 қойма қазір құжаттарға лық толған. 234 шаршы метрде бос орын қалмағандықтан сөрелерді бөлменің төбесіне дейін биіктетуге тура келген. Құжаттарға су тимес үшін бетін полиэтиленмен жауып тастаған. Ал қызметкерлердің өздері отыратын орын таппай ғимаратқа жапсарлас салынған баспанада жұмыс істеп жатыр.
Ердос Әділбеков, Төле би ауданы мемлекеттік архивінің басшысы:
Құжат қабылдауға қазіргі таңда бірінші кезекте орын жоқ. Екінші кезекте ақылы қызмет бойынша және жабылған мекемелерден ғана құжат қабылдап жатыр. Мына мекемелердің құжаттарын қабылдаймыз деп жоспарлап отырған жоқпыз.
Көршілес Қазығұрт ауданында да архив апатты жағдайда. Екі аймақта да мұрағаттың жай-күйі назардан тыс қалып, олардың проблемасын шешу жылдар бойы кейінге сырылып келген. Облыстық мәслихат сессиясында оған жауапты қызметкерлердің жұмысы сынға алынды. Проблеманы шешу үшін депутаттар екі түрлі жол ұсынып отыр. Оның бірі — арнайы жер телімін бөліп, талапқа сай архив ғимаратын салу. Екіншісі — соған сай келетін дайын ғимарат сатып алу. Билік соңғысын құп көріп отыр.
Марат Айнабеков, Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы:
Бюджетті наықтылауға шығардық. Тиісті басқарманың салалық қорытындысы ұсынылып, ендігі жерде бюджеттік комиссияның отырысының нәтижесі бойынша тиісті қаражат бөлу мәселесі қарастырылады.
Мәселе мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралып, талқыланғанымен әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Архивтердің жай-күйі халық қалаулыларының алдағы сессиясында айқындалмақ.
Ғани Қалмахан