Энергетика – ел экономикасын қамтамасыз ететін өмірлік маңызды жүйе. Оның тұрақтылығы мен тиімділігі әр үйдегі жайлы тұрмысқа, елдің қарқынды дамуына және сенімді түрде алға жылжуына тікелей әсер етеді. Еліміз елеулі энергетикалық ресурстарға ие бола отырып, жаңа дәуірге қадам басты. Бұл бағытта сенімділік, инновация және экологиялық жауапкершілік негізгі қағидаттар болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Энергетика – бүкіл экономиканың қозғаушы күші», сондықтан оның дамуына басымдық берілуге тиіс. Жаһандық үрдістерге сәйкес келетін, мықты, заманауи және тұрақты энергетикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған стратегия әзірленіп жатыр. Бұл стратегия елдің жүйелі дамуын қамтамасыз етуге арналған.
Энергетикалық тәуелсіздік – стратегиялық басымдық
Елді өз энергоресурстарымен қамтамасыз ету және сенімді резерв құру – жай ғана міндет емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Тұтынудың артуы, өнеркәсіп пен қалалардың қарқынды дамуы тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстан өз энергетикалық болашағын өзі басқаруы керек. Осы мақсатта Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі саланы дамыту жөнінде ауқымды жоспар әзірледі. Ол қосымша 26 ГВт генерациялау қуатын іске қосуды көздейді. Бұл – жай ғана сандар емес, нақты жобалар: жаңа электр стансаларын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және озық технологияларды енгізу. 2024 жылы 770 МВт-тан аса жаңа қуат көздері іске қосылды. Алдағы екі жылда бұл көрсеткіш тағы 3 ГВт-қа, 2029 жылға қарай 6,6 ГВт-қа артады. Бұл өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, қажетті тұрақтылық қорын да қалыптастырады.
Инновация – тиімділік пен тұрақтылықтың кілті
Еліміз тұрақты даму жолында берік тұр. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу – саналы таңдау, ол елдің энергетика саласындағы дамыту стратегиясын айқындайды. Көмірдің бай қоры жаңа қағидалар бойынша пайдаланылады. «Таза көмір» технологиялары, мысалы, көміртекті ұстап қалу және сақтау, газдандыру әдістері тиімділікті экологиялық қауіпсіздікпен үйлестіруге мүмкіндік береді. Курчатовта ең озық сүзгілеу және көмірқышқыл газын ұстау жүйелері қолданылатын бірегей көмір электр стансасы салынады. Осындай жоғары технологиялық жобалар елдің басқа өңірлерінде де жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар жаңартылатын энергетика қарқынды дамып келеді. Күн, жел, су – сарқылмайтын қуат көздері, олардың отандық энергетикалық баланстағы үлесі арта бермек. Қазірдің өзінде күн және жел электр стансалары салынып жатыр, озық технологиялар енгізілуде. 2025 жылы жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) жалпы қуаты 450 МВт-тан асатын жаңа нысандар іске қосылады.
Атом энергетикасы – стратегиялық таңдау
Атом энергетикасын дамыту – технологиялық көшбасшылыққа, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға және жаһандық климаттық міндеттерді шешуге жол ашатын батыл қадам. Алғашқы атом электр стансасын салу орны ретінде Алматы облысы таңдалды. Жобалық жұмыстар қолға алынды, ең сенімді және қауіпсіз технологиялар қарастырылып жатыр. Бірақ алғашқы станса – тек бастама. Мақсат – уран өндіруден бастап, отын өндірісі, озық ғылыми зерттеулер, ядролық медицина және жоғары білікті мамандар даярлауға дейінгі аралықтағы барлық кезеңді қамтитын ядролық кластер құру.
«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі уран өндірісінің мойындалған көшбасшысы, ал біздің ғылыми әлеует халықаралық аренада жоғары бағаланады. Елімізде ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық халықаралық стандарт қатаң сақталады және бұл бағыттағы жұмыстар АЭХА-мен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі.
Қуат көздері – халық игілігі үшін
Газ саласын дамыту – ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету ғана емес, экспорттық мүмкіндіктер мен әлеуметтік әл-ауқаттың маңызды факторы. Газбен қамту деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, әсіресе Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында. Газ тасымалдау жүйесін жаңғырту және жаңа газ құбырларын салу арқылы өткен жылы 300 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. Тұрақты газбен жабдықтау өңірлердің өнеркәсіптік дамуын да ынталандырады. Оңтүстік аймаққа ерекше назар аударылып, онда «жасыл» энергетика мен бу-газ қондырғылары саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – Түркістан облысында заманауи электр стансасын салу. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Оңтүстік Қазақстанды және өнеркәсіптік тұтынушыларды тұрақты газбен қамтамасыз ету үшін Бейнеу – Бозой – Шымкент (ББШ-2) магистралды газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары таяу арада басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.
Цифрландыру – болашақ энергетикасы
Қазіргі заманғы энергетиканы цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Бізде интеллектуалды желілер (Smart Grids), энергия тұтынуды басқару жүйелері және басқа да «ақылды» шешімдер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Энергетика министрлігінің Ахуалдық-талдамалық орталығы іске қосылды, ол нақты уақыт режімінде саланың барлық нысанындағы жағдайды қадағалауға, жедел әрекет етуге және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Энергетикалық кешеннің алдында ауқымды әрі жауапты міндеттер тұр. Энергетика саласы мамандарының кәсіби шеберлігінің, Мемлекет басшысы мен әрбір азаматтың қолдауының арқасында бұл міндеттерді орындауға толық сенім бар. Қазақстанда заманауи, сенімді, тұрақты және тиімді энергетикалық жүйе құрылады. Бұл жүйе елдің өркендеуінің берік негізіне айналып, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке өз үлесін қосады.
Алмасадам Сәтқалиев,
Энергетика министрі