Үкімет такси жүргізушілерін тағы да өз бақылауына алуды көздеп отыр. Бұл жолы такси жүргізушілерін лицензиялау сұрағы талқыланып жатыр.
Биліктің көздегені не? Бұл нәпақасын тауып жүрген қарапайым халыққа соққы болуы мүмкін. Caravan.kz медиа порталы зерттеп көрді.
Әлеуметтік желіде такси жүргізушілеріне ұнамайтын ақпарат кеңінен талқыланып жатыр. AlmatyOfficial парақшасының мәліметінше, бұл идеяны бас прокуратура мен ІІМ қолдап отыр.
Шенеуніктердің пікірінше, жаңа талаптар қауіпсіздікті арттыруға көмектеспек. Яғни, такси жүргізушілеріне бірнеше міндет жүктеледі. Олар медициналық тексерістен өтіп, көліктерінтехникалық бақылаудан өткізуі керек.
Ішкі істер министрлігінің пікірінше, аталмыш өзгерістер бұл салада тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Өйткені ол жолаушылардың өміріне тікелей әсер етеді.
Сенатор және ІІМ бұрынғы орынбасары Марат Қожаев та бастаманы қолдап отыр.
«Такси нарығын реттеу керек, сонда жүргізушілер мен жолаушылар қандай ережелер бойынша жұмыс істейтінін нақты түсінетін болады», — дейді ол.
Алайда сарапшылар бұл бастаманы теріске шығарып отыр. Такси қызметтері қауымдастығының басшысы Медет Құрмановтың пікірінше, тым бақылау такси жүргізушілерінің заңсыз жұмыс істеуіне әкелуі мүмкін.
«Бақылаудың керек екенімен келісемін. Дегенмен лицензиялау қандай да бір өзгеріс әкеледі деп айта алмаймын. Кері жағдайда такси жүргізушілері көлеңкелі экономикаға ауысып, заңсыз жұмыс істей бастайды. Егер талаптар тым қатаң болса, бұл жүргізушілер арасында наразылық тудыруы мүмкін. Халықтың басым көпшілігі үшін такси бұл жалғыз табыс көзі. Ал бұл заң халықты нәпақасынан айыруы мүмкін», — деп пікір білдірді ол.
Лицензия жүйесінің нақты қалай жұмыс істейтіні және ол такси жүргізушілерінің өмірін қаншалықты қиындататыны әзірге белгісіз. Бірақ бұл мыңдаған қарапайым халықтың өміріне кері әсер ететіні анық.
Такси қызметін реттеудің халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік бақылауды күшейту «көлеңкелі» нарықтың дамуына себеп болуы мүмкін, бұл өз кезегінде сапа мен қауіпсіздік стандарттарын төмендетеді. Сондай-ақ, лицензия алу, медициналық тексеруден өту және техникалық бақылауға жұмсалатын шығындар тасымалдау бағасының қымбаттауына жол ашады.
Бұдан бөлек, сарапшылар лицензия алу бюрократиялық кедергілердің салдарынан сыбайлас жемқорлықтың жайылуына да себепші болуын жасырмады. Жүргізушілер рұқсат алу қағазы үшін тіпті пара беруге дейін баруы мүмкін.
Мемлекеттік органдар лицензиялауды такси қызметтері мен жеке тасымалдаушыларға қысым көрсету құралы ретінде пайдалануы ықтимал, бұл нарықтағы бәсекелестікті төмендетіп, белгілі бір компаниялардың монополиясына жол ашады.
Қымбатшылық шарықтаған уақытта көпшіліктің негізгі және қосымша табыс көзі дәл осы такси қызметі. Көлігін несиеге алып такси жүргізуші болып жүргендер де жетерлік. Ал лицензиялауды енгізу нәтижесінде мыңдаған жүргізушілерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
Зерттеулерге сүйенсек, ірі қалаларда студенттер, зейнеткерлер, жұмыссыздар және тұрақты жұмысы жоқ жоғары білімді азаматтар такси жүргізушілері болып жүр. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстанда 17,3 мың такси жүргізушісі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Алайда ресми емес дереккөздер бойынша олардың саны 500 мыңға жетуі мүмкін.
Сондықтан сарапшылар такси қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа жолдарын ұсынады.
Біріншіден, жеке жүргізушілерді лицензиялаудың орнына агрегатор-компанияларға қойылатын талаптарды күшейту. Яғни олар өз жүргізушілерінің денсаулығын, көліктерінің жағдайын және заңды мәртебесін бақылауы керек.
Екіншіден, цифрлық платформалар арқылы жүргізушілердің және олардың көліктерінің жағдайын қадағалайтын рейтингтік жүйелер енгізу.
Үшіншіден, жолаушыларды міндетті сақтандыру жүйесін енгізу.
Такси жүргізушілерін тығырыққа тіреу мұнымен шектелмеді. Лицензиялау сұрағынан бөлек, Үкімет такси қызметін жеңілдетілген салық режимінен шығарып, оған 16% қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізуді жоспарлап отыр.
Аталмыш салық өзгерістері такси компаниялары мен агрегаторлардың шығындарының артуына әкеледі. Такси қызметтерін реттейтін компаниялар (Яндекс Go, Uber және басқалары) жүргізушілердің салық жүктемесіне байланысты өз комиссияларын қайта қарастыруы мүмкін. Бұл бағаның одан әрі өсуіне немесе кейбір компаниялардың нарықтан кетуіне себеп болуы мүмкін.
Бұл өзгеріс такси бағасының қымбаттауына, автопарктердің қысқаруына және жұмыс орындарының жоғалуына әкелуі мүмкін деген болжамды сарапшылар да растап отыр.