What are you looking for?

Интеллектуалды көлік жүйесі енгізіледі

06.03.2025

Алматы қаласында жол қозғалысын басқаруды жетілдіруге бағытталған интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) енгізілмек. Бұл жобаны Қытайдың «Inspur» компаниясы жүзеге асырады. Жаңа жүйе мегаполистегі көлік қозға­лы­сын жақ­сартып, жол қауіпсіздігін күшейтеді.

«Inspur» – әлемнің 120-дан аса елінде жұмыс істейтін, 30 жылдан аса тәжірибесі бар ірі IT-ком­па­ния­сы. Ол ақылды қалалар, цифрлық инфрақұрылым, көлік жүйелері бо­йынша заманауи технологияларды жасаумен айналысады. Алматы қаласын­да енгізілетін интеллектуалды кө­лік жүйесі жол қозғалысын талдауға, көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұл жоба 2019 жылы қабылданған «Smart City» аясында жүзеге асырылып жатыр. Ақылды қала тұжырымдамасында қауіпсіздік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, білім, денсаулық сақтау салаларына басымдық берілген.

Қазір Алматы әкімдігі «Inspur» компаниясының технология­ларын қандай көлемде сатып алатыны белгісіз. Жоба тек интеллектуалды көлік жүйесін ғана қамти ма, әлде то­лық инфрақұрылымдық кешен енгізіле ме – бұл жағы нақтыланбаған. Әзірге құны, жұмыс мерзімі және жергілікті мамандарды оқыту жоспары секілді мәселелері әлі пысықталып жатыр.

Алматының көлік қозғалысы күрде­лі мәселелердің бірі. Қаладағы автокө­ліктер саны жыл сайын артып, жол инфра­құрылымы бұл жүктемені толық көтере алмай келеді. Кептелістер тек таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта ғана емес, күн­дізгі уақыттың өзінде де қалыпты жағ­дай­ға айналған. Бұл жүр­гізушілер мен жо­лау­шылардың уақы­тын жоғалтып қана қой­май, жанармай шығынын арттырып, эколо­гиялық ахуалдың нашарлауына әсер етеді.

а

Алматыдағы интеллектуалды көлік жүйесінің енгізілуі жол қозғалысын басқару мен көлік инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды қадам болмақ. Бұл жүйе көлік қозғалысын талдауға және алдын ала болжам арқылы тиімділікті арттырып, кептелістерді азайтуға бағытталған. «ITS» жүйесі арнайы алгоритмдер мен датчиктердің көмегімен жолдағы жағдайды қадағалап, дәл сол сәтте талдау жүргізеді. Жүйе көлік қозғалысын оңтайландыру бойынша ұсыныстар беріп отырады, кептелістер мен апаттардың алдын алу шаралары жасалады, сондай-ақ жүргізушілерге жолдағы өзгерістер мен қауіптер туралы ескертеді.

«ITS» жүйесі жылдамдықты реттеу, ереже бұзған жүргізушілерге ескерту беру функция­ларын да қамтиды. Бұл жүйе дәл сол сәтте жол жағдайына бай­ланысты жылдамдық шектеулерін дина­микалық түрде өзгертуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар интеллектуалды бағ­даршамдар мен жол белгілері жүргі­зу­шілерге жол қозғалыс жағдайын хабарлап, қозғалысты реттеуге көмек­теседі. Жүйе көлік қозғалысының қауіп­сіз­дігін күшейтуге де бағытталған. «ITS» құрамына кіретін өте сезімтал камералар мен датчиктер жолдағы жағдайды тәулік бойы бақылайды. Жүйенің негізгі компоненттеріне жол-көлік жағдайын анықтайтын датчиктер, ауа райын бақылайтын құрылғылар, көлік ағынының тығыздығына қарай жарықтығы мен жиілігін өзгертетін интеллектуалды навигациялық шамдар, жол қозғалысын бақылау жүйелері, қауіпсіздік мақсатында ерте хабар беретін роботтар кіреді.

Қоғамдық көліктің тиімділігін арт­тыру «ITS» жүйесінің маңызды бөлігі. Жүйе автобус маршруттарын оңтайландыру, қозғалыс кестелерін үйлестіру, жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту үшін қолданылмақ. Бұл қоғамдық көлікті күту уақытын қысқартып, қызмет көрсету сапасын арттырады. Алматыдағы жол және көлік инфрақұрылымының техникалық жағдайын бақылау үшін ин­тел­лектуалды жүйелер ұсы­нылады. Арнайы датчиктер жол жабындысының, көпірлер мен тоннельдердің күйін баға­лап, жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлауға көмектеседі. Осылайша оқыс оқиғалардың, жол апат­та­рының алдын алып, жүр­гізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.

«ITS» құрамында ақы­лы жолдар жүйесі де қа­рас­ты­рылған. Бұл жүйе жол ақы­сын автоматты түр­де есептеу және қолма-қол ақ­шасыз тө­лем жасау мүм­кіндігін қамта­ма­сыз етеді. Жүйе көлік түріне қарай жол ақысын есептеп, банк кар­талары мен мобильді қосым­шалар арқылы төлем жасауды жеңілдетеді. Жолда кептеліс тудырмай, ақылы жолдар арқылы өтуге мүмкіндік береді. «ITS» жүйесі төтенше жағдайларды басқару, жедел әре­кет ету қағидат­тарына да негіз­дел­ген. Ол «бір платформа + екі стан­дарт­тар жиынтығы + бес қолдан­балы жүйе» тәсілін қолданады, бұл жол-көлік жағ­дайларын нақты диаг­ности­калауға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және қоғамдық көлік жұмысының тиімділігін арттырады.

Алматыдағы көлік қозғалысын бас­қару­дың қазіргі жүйесі жол қозғалысын тиімді үйлестіру, кептелістерді азайту, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыру, жол қауіпсіздігін күшейту сияқты негізгі міндеттерді шешуге бағытталып отыр. Интеллектуалды көлік жүйесі енгізіл­ген жағдайда, қаланың көлік инфрақұ­рылымы айтарлықтай жақсарып, бірнеше маңызды артықшылыққа қол жеткізіледі. Біріншіден, көлік қозғалысын автоматты түрде реттеу арқылы кептеліс азаяды. Екін­­шіден, қозғалыс жағдайын нақты талдап, алдын ала ескерту беру арқылы жол-кө­лік оқиғаларының алдын алады. Үшін­ші­ден, маршруттар мен кестелерді оңтайландыру арқылы қоғамдық көліктің сапасы жақсарады. Төртіншіден, жөндеу жұмыс­тарын жоспарлы жүргізу арқылы жол инфрақұрылымының жағдайын бақы­лау жүзеге асады. Бесіншіден, жүйе апатты жағдайлар туралы ақпаратты дереу таратып, төтенше жағдайларға жедел жауап беруді қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, интел­лектуалды көлік жүйесін енгізу – Алма­ты үшін тиімді шешім болмақ.

Social Link

Follow Me On Social Media