What are you looking for?

Ұлан-ғайыр далаға киік сыймай барады...

14.03.2025

Қазірде қазақ даласында ақбөкеннің қыстық өрісі, орын ауыстыру жолы, жазғы жайылымы белгіленген үш ірі үйірі бар. Олар Бетпақдала, Арал, Орал өңірінде. Бұрын Бетпақдала популяциясы ең ірісі деп есептелетін . Кейінгі жылдары экологиялық өзгеріске байланысты Орал үйірі тез қарқынмен өсіп, алдыңғы қатарға шықты.

«Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рияланған «Киікке жоқ шекара...» атты мақалада (20.11.24 ж.) Батыс Қазақ­стан өлкесіндегі ақбөкен саны 2,8 мил­лионға жетті деп хабарланды. Зоология институтының мәліметі бойынша, Бетпақдала табынында қыстамада 1,2 млн, ал Арал табынында 60 мың бөкен бар. Жалпы, еліміздегі киік саны 4 миллион шамасында.

Киік күз бен қысты әдетте шөл, шөлейт жерде өткізеді. Сондықтан жұрт­тың көзіне көп түспейді. Жазға қа­рай бөкендер жаңа туған төлімен бірге терістік, терістік-батысқа терең бойлап жайылымға шығады. Бұл – олардың қалыптасқан экологиялық жүйесі. ХХ ғасырдың ортасында болған тың игеруге дейін бұл жүйе өзгермей келген еді. Киік Орынбор, Қорған облыстарының даласында еркін жайылатын. Тың игеру кезінде елдің қалыптасқан шаруашылық жүйесі бұзылды. Тағы аңдардың эколо­гиялық қажеті тіпті ескерілген жоқ. Тек кеңес одағы тараған соң егін алқаптары біраз шағындалып, біршама уақыт киікке бостандық орнады.

Елдің қаржылық жағдайы жақсарып, астық өнімдерін сыртқа шығарудан валюталық түсім өсті. 2010 жылдан бастап егін алқабы қайтадан ұлғайды. 2024 жылы елімізде жалпы егістік көлемі 24,1 млн га болыпты. Мұның негізгі бөлігі солтүстік облыстарда. Осы кезде киіктің өрісі тағы да тарылды. Мыңдаған жыл даланың еркесі атанған ақбөкен енді зиянды қаскөй болып шыға келді. Шаруалар егінжай шегіне 40-50 шақырымға созылған терең ор қазып, қоршау қойып, ақбөкенді атып үркітіп, әбден қыспаққа алды. Саны өсіп, жайылымы сұйықталған жануар, әсіресе Бетпақдала мен Арал киіктері біржақты экологиялық қамауда қалды.

Орал өңіріндегі ақбөкен үйірі негі­зінен Жайық пен Еділ өзендерінің арасында, Волгоград, Саратов облыста­рының Еділ жағалауына дейінгі алқапты жайлайды. Жайылымның дені шөлейт, құмдауыт шөл, құрғақ дала. Тек Ресейдің екі облысымен шектес аймақтың ыл­ғал түсімі біршама жоғары, соның нәти­жесінде жайылымның шөп шығымы жақсы. Міне, осы батыс бағытта Еділ өзеніне дейінгі өлкеге ақбөкен жазғы жайылымға шығады. Бұл өңірде егін, мал шаруашылығы барынша өркендеген, халық тығыз, елді мекен жиі. Киік саны жылдан-жылға тез артып, кейінгі жылдары өлке тұрғындарының тынышы кетті. Киік қорғаушылардың қолында ша­руа­шылық шығыны туралы нақты мәлі­мет жоқ. Жергілікті тұрғындардың киік­тен шеккен зияны, егіннің бүлінгені, шабын­дықтың оталғаны туралы арыз-шағымы әлеуметтік желіде толып тұр. Бұл негізсіз де емес. Ауыл шаруаларының мәселесін елемеу жақсы нәтижеге апармайды.

Дегенмен, экологиялық шиеленістің нақты айыпкерін анықтау қиын. Батыс Қазақстан мен көрші Ресей облыстары – атам заманнан бері ақбөкеннің жазғы жайлауы. Оны өзгерту де мүмкін емес. Біз енді ақбөкен санының шамадан тыс өсуі мен шаруашылық жайын таразылап көрейік.

Егер мұндағы киік санын шамамен 2,5 млн деп есептесек, оларға қанша жайылым қажет? Қазақы үрдісте бір отарда 600 бас қой болады, оған 300-700 га жайы­лым керек. Есептесек, Орал тобындағы киік саны 4 150 отарға жетеді. Бұрын ірі шаруашылықтардың өзінде қыстауда 30 отардан артық ұсталмайтын. Сонда Орал өңірінің киігі 138 шаруашылыққа жүк болады екен. Әрине, бұл көп көлем.

ва

Ақбөкен түрлі шөп жейді, егер сыртқы жағдай мазаламаса, жайылымды тиімді пайдаланады. Бірақ кейінгі кезде Еділ-Жайық алабын ғасырлар бойы жайлаған киік пен жергілікті тұрғындар арасында қайшылық көбейді. Өйткені тіршілігі малмен байланысты шаруалар егін мен жайылым, шабындық алқабын біршама ұлғайтты. Киіктің дағдылы өрісі тарылды. Қазір өңірде 1 207 шаруашылық егістігі мен шабындығы, жайылымы киіктен зардап шеккенін айтып, хаттама құжаттап отыр.

Жағдайды Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары жан-жақты зерттеп, киік санын реттеу жөнін ғылыми негіздеме жасаған еді. Бұл ұсыныс бойынша қарар қабылданып, жануар көлемін 2023 жылы 20%-ға азайту көзделген. Бірақ шешімнің кеш қабылдануына байланысты тек 40 мың бас ақбөкен ауланды. Ауланған аң еті жергілікті халыққа дер кезінде жетпей, жартылай шығынға ұшыра­ды. Қосымша өнім: бас, сирақ, ішек-бауыр, тері далада босқа шіріді. Ақбөкенді аулау да, түсетін өнімдерді қажеттік мән­де өң­деу де еш дайындықсыз жүрді, ескілікті жабайы әдістеме қолданылды. Мұндай әрекет берекесіз нәтижеге әкелді.

Ғалымдар мен жер иеленушілер киік саны жайылым көлемінен тым артып кеткенін айтқалы бірнеше жыл өтті. Зоология институтының тәжірибесі бойын­ша еліміздің табиғи жайылымдарында 1,2-1,5 млн киік өрсе жеткілікті. Кейінгі жылы тек Орал тобындағы киік саны 2,5 миллионнан асты.

Көп жылғы зерттеуге қарасақ, еліміз­дің әр өңірінде 11-12 жылда жұт қайта­ланып тұрады. Ол қосарланып, «жеті ағайынды» болып соғады. Көктем-жаз айларында жауын-шашын азайып, қыс кезінде жайылымды мұз құрсап, күйісті тебін аңдары, үй малдары аштық­қа ұшырайды. Кейде қыс аяғы созылғанда таяғын ұстап қалғандар да аз болмаған. Әдетте тағы аңдар табиғат өзгерісін ерте болжап, ауа райы қолайлы, шөбі шүйгін жылы жаққа қоныс аударады. Бүгінде климаттың құбылмалы қатаң өзгерістерін болжау қиындады. Сондықтан қызғыштай қорып, өзімізден де қызғанып отырған 2,5 миллион киіктің жартысынан көбі жұттан қырылып қалуы әбден ықтимал.

Эволюция заңы бойынша әрбір тіршілік иесінің жауы жұп болып қатар жүреді. Оның бір тобы жыртқыштар болса, енді бір тобы – паразиттер. Осы жыртқыштар, бактериялар мен вирустар бөкеннің шамадан тыс көбеюін реттейтін бірден-бір белсенді табиғи күш.

Киіктің Тұран алқабындағы табиғи жауы – қасқыр ғана. Бірақ бөрінің өзі қуғынға ұшыраған, популяциясы аз. Сақшылар күні-түні күзетіп жүрген ақбөкен санын реттеуге дәрменсіз. Зоология институты ақбөкен арасындағы жұқпалы паразит ауруларын, олардың киікке залалын 30-40 жылдан астам уақыт зерттеп келеді. Нәтижесінде, киік ағзасында өсіп-өркендейтін паразит құрттар мен қарапайым жәндіктің 70-тен аса түрі анықталған. Олар жаппай залалды емес. Эволюциялық өркендеу кезінде паразиттер өз иелерімен қарама-қарсылық туғызбайтын молекуларлық біртектестікке бейімделген. Тек популя­циялық аражік тым бұзылса ғана паразиттердің зиянды әсері көбейіп, өлімге себепші болады.

Дегенмен, киікте жиі кездесетін бірнеше паразиттің ауру туғызатын әсері айқын. Соның ішінде авителлина центрипунктата бунақты таспа ішек құртының залалы ерекше. Жаз аяғында бұл құртпен сақа ақбөкендердің 45,8-81,3%-ы зақымданады. Тым көбейген құрттың жетілген бунақтары үзіліп, сыртқа шығып қалады. Алайда сыртқы ортаның өзгерісі басқаша әсер етуі де мүмкін. Кей жылдары қалың қар түсіп, мұзға айналса, шөппен бірге асқазанға түскен мұз қабыршығы құрттардың қарсы қорғаныс реакциясын тудырады. Сол кезде құрттар улы зат бөліп шығарады. Осы улы қоспа қоңы төмендеген киікте жедел өтетін қауіпті ауру туғызады. 1982 жылы мамыр айының басында Арал аймағында қар жауып, киік қырылды. Киік өлімін зерттегенде, қырғынға себепші авителлина ішек құрты болып шықты.

Ақбөкеннің көктемде жаппай қыры­луы жиі кездеседі. Табиғат қорғаушы­лардың мәліметі бойынша, 1981 жылғы сәуірде Торғай облысында – 180 мың, 1984 жылғы сәуірде Батыс Қазақстан облысында – 250 мың, 1988 жылғы мамырда – 500 мың, 1993 жылы Бетпақдалада 480 мың киік қырғынға ұшырады.

Саралап қарасақ, дала еркесінің қорғау­шысы да, пайдаланушысы да – біреу, ол – біз. Бұрын батыс өңірде геологиялық барлаушы ұйымдар, мұнай-газ өндірушілер, бақташылар, жекелеген тұрғындар аздап болса да киікті ас мәзіріне пайдаланатын. Үлкен шығынға ұшыратпаса да, мұндай аңшылық бөкен санының өсіміне біраз тежеу еді. Кейінгі қатаң бақылауға байланыс­ты көлденең әрекет сап тыйылды. Киіктің өсімі бой бермей кетті. Қазір Орал тобында мәпелеп өсірген 2,5 миллион ақбөкен де, олар жүрген жайылым да, шаруалардың егінжай, шабындығы да экологиялық дағдарыстың алдында тұр. Қыспаққа ұшыраса да біршама жазғы жайылымы әлі жеткілікті 1,2 миллиондай Бетпақдала тобының тағдыры келесі кезекте.

Елімізде киікті 12-15 мыңнан бас­тап өсіріп, таңғаларлық нәтижеге жет­тік. Киік шамамен жылына 30% өсім береді. Келер жылы ақбөкен саны елде 5 миллионға жетуі әбден мүмкін. «Осынша шөпқоректі жануар қайда сияды? Оларды жергілікті халықтан қызғанып қорғаудың мәні не?» деген сауал ашық тұр. Табиғаттың қатерлі құбылысын ешкім өзгерте алмайды. Біз қызғыштай қорғап өсірген асыл қазынамыз бір жұтта, популяциясы тым артқан тығыздығынан, қауіпті аурулардан қырылып қалса, соншама өлексені көміп заласыздандырудың өзі қанша шығын әкелер еді.

Ақбөкен бірнеше табиғи белдеуді кесіп өтеді, алуан түрлі өсімдікпен қоректенеді, жайылымды тиімді пайдаланады. Осыған байланысты олардың еті өте дәмді, биологиялық сапасы артық. Киіктің тірі салмағы 35-45 кг, ал таза еті 17-22 кг. Одан басқа құнды мүйізі, тері, ішек, бауыр, т.б. ас мәзірін арттыратын мүшелері бар. Қазіргі 3,5-4 миллион киік жайылымға сыйымсыз, тұрғындарға жайсыз екені анық. Елге экологиялық тиімді мөлшер 1,5-1,7 миллион бас деп есептесек, оның 30%-ын жыл сайын ішкі қажетке алуға болар еді. Бақташысыз, шығынсыз өскен, тегін биоөнімнің пайдасы көл-көсір. Қарапайым есепке алғанда, шамамен 350-480 мың бас ақбөкеннен бір маусымда 5,9-8,16 мың тонна ет, 0,5-9,6 мың тонна дәмді ішкі мүшелер, қаншама тері түседі. Құнды экспорттық бұйым – теке мүйізінің жөні бір басқа. Ұжымдық аулау кезінде жылына 110-180 мың теке мүйізі кіріске енуі мүмкін. Әйтсе де осыншама байлықты іске асырудың технологиялық ұтымды жолы шешілмеген.

Ең бірінші кезекте киікті қорғау, санын реттеу, аулау тәсілдерін шешетін құзырлы ұйымдардың құқықтық ара­жігі нақты белгіленуі қажет. Қазір ақ­бөкенге байланысты құқықтық мәселе­лер­ді шешудің кілті Экология және та­биғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы мен жануарлар дүние­сін қорғау комитетіне тиесілі, аңды қорғау «Охотзоопром» бөлімшелеріне жүктелген. Бұл мемлекеттік ұйымдардың жергілікті өкілдері ақбөкен санын аз уақытта шығынсыз өсіріп, осы дәрежеге көтерілуіне айтулы қызмет етті. Бірақ киікті пайдалану мәселесі тіпті зерттелмеген, ауада асылып қалды.

Бізге ақбөкеннің әртүрлі жайылымды пайдалану бейімділігі, әр жылғы санының өсуі, жеке табындардағы киікті аулау мөлшері, популяциядағы жыныс­тық, жастық арақатынасын сақтауды шешетін ғылыми негіздемелер қажет. Елдің екі шетінде орналасқан Орал, Бетпақ­дала киік тобының эколо­гия­лық жайылым жағдайы да, туындап отырған мәселелері де әртүрлі. Сондық­тан ғылыми зерттеулерді екі ұйымға жүктеу тиімді болар еді. Орал популяциясын зерттеуде біршама тәжірибе жинап, ұтымды ұсыныстар жасаған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетінің ветеринарлық медицина және малшаруашылық институты ұйымына тапсырылса, Бетпақдала тобының ғылыми бақылауы Зоология инс­титутында қордаланған зерттеулермен жалғасады. Мұндай міндеттеме бөлінетін қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызады.

Киік санын азайтуға бұрын екі тәсіл қол­данылды. Корал немесе ежелгі аңшы­лық қоралау әдістемесінде киік тобын бірнеше мотоциклмен қуалап, алдын ала жасалған қоршауға айдап кіргізеді. Осы кезде қамалған бөкенді жасы­на қарамай түгелдей қырады. Екін­ші әдіс – түнде дамылдап жатқан киік тобын машина, мотоциклдермен қамап, өте күшті прожекторлармен көз байлап атады. Бұл кезде көбіне іріктеп ересек бөкенді, әсіресе текелерін ататын. Екі жағ­дайда да аңның ішкі органдары өң­деуге алынбайды, сойылған жерде лақ­ты­рып тасталады. Корал тәсілі кезін­де еттер ұша мұздатқыш машиналармен тұты­нушыларға жеткізілсе, машинадан ат­қан­да жиналған ет дер кезінде жеткізіл­мей, алушысын таппай, жиі ысырап болатын.

Бұл екі әдіс те гуманизм қағидасына сай келмейді, жануар қуғынға түседі, қиналысқа ұшырайды. Киік қуатын айдауылдар да үнемі қауіп кешеді. Сондықтан ақбөкен санын реттеуде ғалымдар мен табиғат қорғаушылары, аулау мен сойы­п іске асырушы кәсіпкерлер бірлесіп, аңдарды аулаудың жаңа технологиясын жасау қажет. Мысалы, киікті жинап, құрылған торға қамау үшін қуаты ұзаққа жететін, бейнекамералармен жасақталған дрондарды қолдану абзал болар еді. Бұл кезде аңның бойындағы қорқыныш азая­ды, көлемді тобын жинауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар бұрын қолданып жүрген ақ тордың орнына синтетикалық материалдардан жасалған түрлі-түсті мықты торлар қолданылса, жануардың соғылып жарақат алуы азаяды. Қосымша жылжымалы торлармен бөкенді ығыс­ты­рып, соятын орынға жинақтауға мүмкіндік туады.

Ақбөкен аулауды күйі жетілген тамыз айларынан бастап, күйек кезінен, яғни желтоқсан айынан сәл ертерек аяқтаса болады. Осы уақытта олардан ең сапалы өнім жинауға мүмкіндік бар. Корал тәсілі қолданылғанда ұйымдастыру, союға қажетті бөкендерді іріктеу, аңдарды сою тәртібі, алынған өнімдерді өңдеу, сапалы күйінде сақтау, тұтынушыларға жеткізу, шетке шығару ісі әбден ойластырылған жаңа технологиялық негізде жүргізілуі қажет. Есте ұстайтын ерекше мәселе, жетілмеген жас бөкенді жаппай қырғынға ұшырату – кешірілмейтін жағдай. Сон­дық­тан союға жарамдысын іріктеп алған соң жас аңдар босатылуы қажет.

Сонымен қатар бұрын қоршаған ортаны былғап, пайдасыз ысырап болған ішкі органдарды пайдаланудың өтімді технологиясын жасау қажет. Аталған мүшелер мен жануарлардың қан-жынын жинақтап, өте жоғарғы қысымда бу арқылы залалсыздандырып құрғатса (лио­фи­лизация), қазір тез дамып келе жатқан балық шаруашылығы үшін таптырмайтын, тамақтық сапасы жоғары биологиялық азық болар еді.

Ақбөкен – елдің ортақ байлығы. Оны қорғап, өсіруге көптеген адам, мекеме қызмет етті, техника пайдаланылды, қомақты қаражат жұмсалды. Ғылы­ми зерттеулер мен негіздемелерге де бір­шама қаржы керек. Сондықтан киіктен түсетін өнімнің 30-35% пайдасы бұрын жұмсалған қаражатты өтеуге тиесілі.

Киіктен алынатын ең құнды өнім – мүйізді пайдаланудың заңнамалық негізі шешілсе, көлеңкелі сату жолдарына тосқауыл қойылар еді. Мұндай тәртіп бақылаушыларды ақбөкен популяция­сын жіті қорғаумен бірге, жыныстық, жастық ара жіктердің биологиялық тиімді мөлшерін сақтауға міндеттейді. Сою кезін­де қорғаушылар осыны қадағалауы қажет.

Киік пен адам арасындағы ең даулы мәселе – жер жағдайы. Қазір бөкендер мұз дәуірінен бері еркін серуендеген жазғы жайылымына, ел шекарасынан Еділге дейінгі жайылымдарға өте алмай қалды. Бұл дағдарыстың ең түзу, жылдам шешімі – Экология және табиғи ресурстар министрлігі аудан, ауыл әкім­дік­терімен бірлесіп, Ресейдің шекаралас Волгоград, Саратов облыстарымен көктемге дейін келісім жасауы қажет. Яғни ел шекаралығынан ені 3-5 км 7-8 тұрақты дәліз ашып, киіктің байырғы жайылымдарына өтуіне жағдай жасалуы керек. Дәліздер сым қоршаумен шектелсе, егіндік пен жайылымды жайпаудан сақтайды. Осы кезде киік тобының жартысы Еділмен екі арадағы кең жайылымға шығады. Күз соңында олар кері қайтады. Бұл шара киікті жұттан, қауіпті аурудан жаппай қырылудан сақтайды, елді экологиялық дағдарыстан шығарады.

Қайсар КӨШАЛИЕВ,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы,

Қожахмет БАЙТҰРСЫНОВ,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы

Social Link

Follow Me On Social Media