Риддерде мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен әлеуметтік қызметтердің жұмыс кестесі өзгерді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
14 наурыздан бастап Риддер тұрғындарының жұмыс күні бір сағатқа ертерек, яғни таңғы 08:00-де басталып, 17:30-ға дейін жалғасады. Түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленді.
Қалалық әкімдік бұл өзгерістің басты мақсаты жұмысты оңтайландырып, тиімділікті арттыру екенін хабарлады.
"Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының 11 ауданы жаңа жұмыс кестесіне көшті, біз де бұл бастаманы қуана қолдадық. Жұмыс уақытының өзгеруі — күн тәртібін ыңғайлы әрі өнімді етуге жасалған қадам. Енді тұрғындардың энергиясы үнемделіп, таңғы уақыт тиімді пайдаланылады. Сондай-ақ, күндіз көбірек іс тындыруға мүмкіндік бар", – деді Риддер әкімінің орынбасары Болат Ақужанов.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер жұмыс істейтін азаматтар мен олардың отбасылары үшін де пайдалы болмақ.
Айта кетейік, жаңа жұмыс кестесі мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді, себебі олар бұрыннан 08:00-ден бастап жұмыс істеп келеді.
Риддер әкімінің орынбасары Болат Ақужановтың сөзінше, жұмыс уақытын өзгерту туралы шешім қабылданбас бұрын қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланған.
"Қала тұрғындары бұл бастаманы қолдады", – деп қорытындылады әкім орынбасары.
Айта кетейік, былтыр 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өтті. Алайда 7 маусымда уақытты қайта өзгертуге қатысты петиция басталып, 50 мыңнан аса қол жиналғанымен, ол қабылданбады.
2025 жылғы қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы жаңа жұмыс уақытына көшті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!