What are you looking for?

Жасанды интеллект полицейлердің көмекшісіне айналды

14.03.2025

Жасанды интелект полиция қызметкерлерінің де көмекшісіне айналды, деп хабарлайды 24kz.

Енді көлік жүргізіп бара жатқан борышкерлерді сандық жүйе бірден анықтап, тәртіп сақшыларына хабарлайды. «Қорғау» деп аталатын жаңа қосымша елдің бірқатар өңірінде қолданылып жатыр.

Елордалық полицияның планшетіне «Қорғау» қосымшасынан ақпарат келіп түсті. Ондағы мәлімет бойынша айыппұлын төлемеген жүргізуші жақын маңдағы камераға іліккен. Тәртіп сақшылары ол көліктің бағытын онлайн анықтап, жол бойынан күтіп алды.

Дмитрий Геиберов, жүргізуші:

- Мен айыппұл салынғаны жайлы білмедім. Бұл қызметтік көлік. Жылдамдықты шамадан тыс асырған сәтім камераға түсіп қалған. Айыппұлды төлеймін.

Жаңа жүйенің тиімділігі бұл ғана емес. Сақтандырылмаған, жалған нөмір тағылған және ұрланған көліктерді де осылай анықтауға болады. Полицейлер енді жүргізушілерді бұрынғыдай себепсіз тоқтатып, уақыт жоғалтпайды.

Талғат Кішкенов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

- ЖИ бізге потоктың ішінен бір машинаны береді, мысалы, борышкер деп. Оны қызметкер тоқтатады. Ал бұрын біз әр машинаны тоқтатып, оны базамен тексеріп, соған уақыт кетірдік.

«Қорғау» қосымшасына әрбір көліктің мемлекеттік нөмірі «Сергек» камераларынан келіп түседі. Ал «Қорғау» сол мәліметтердің арасынан борышкерлер мен құқықбұзушыларды анықтап береді. Жобаны қазақстандық мамандар дайындаған.

Ким Евгений, «Сергек» компаниялар тобының бас директоры:

- Біз қазір жасанды интеллектінің мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге күш салып жатырмыз. «Қорғау» жүйесіне жаңа функциялар қосылуы мүмкін. Шетелде мұндай қосымшаның баламасы бар. Алайда таяу елдерде осындай кешенді жүйе мүлде жоқ.

Жаңа қосымша Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 9 өңірде қолданылып жатыр. Жыл басталғалы бері дәл осы жүйенің көмегімен 94 мың көлік тексерілген. 7,5 мың әкімшілік хаттама толтырылып, 82 мың борышкерге ескерту берілді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Диас Қобыланбаев

Social Link

Follow Me On Social Media