Бүгін екі мыңнан астам алматылық пен қала қонақтары "Көктөбеге" жиналып, бір-бірін көктемнің келуімен құттықтады. Жиналған халық қазақстандық жұлдыздардың өнерін тамашалады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін алматылықтар Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні – Көрісу мерекесіне орай ұйымдастырылған театрландырылған концертті тамашалады.

Сахна төрінде аты аңызға айналған Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Айгүл Қосанова, "Жігіттер" тобы, Алма Аманжолова, сондай-ақ "Алатау" дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетті.

Мәртебелі меймандар қатарында белгілі жазушылар, мәдениеттанушылар, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері және бірқатар зиялы қауым өкілі болды.

"Қадірменді қауым, бүгін Қазақстанымызда үлкен мереке – Наурызнама басталды. Қазақтың жаңа жылы, көктем келді. Сондықтан бір-бірімізбенен көрісіп, амандасып, бір-бірімізге жақсы тілек айтып жатырмыз. Мен өзімді бақытты әншімін деп санаймын, себебі менің "Наурыз-думан" әнім осы мерекеде міндетті түрде шырқалады. Тек қана бір сахнада емес, бүкіл Қазақстанда, тіпті мектеп оқушыларына дейін, ауыл-аймақтарда, аудандарда менің осы әнім шырқалып жатады. Сондықтан мен – осы наурызды жырлайтын бақытты әншімін. Елімізге биылғы Наурыз бақ-береке әкелсін, бірлік алып келсін. Қазақстанымыз жылдан жылға көркейе берсін!", – деді Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі Роза Рымбаева.

Алматылықтарға ерекше сый ретінде "Көктөбедегі" аспалы жол бүгін сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін тегін жұмыс істеді. Соның арқасында мерекелік іс-шараға келген көрермен қатары көп болды.

"Бүгін Көрісу күні "Көктөбенің" төрінде тойланып жатыр. Құрметті алматылықтар, баршаңызды Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Амал күнінің тәрбиелік мәні зор. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ағайын-туыс арасындағы байланысты үзбеуге бағыттайтын мағынасы зор мереке. Қазақта "Баталы ел азбас" деген сөз бар. Сол себепті бүгінгі Амал күнінде бір-бірімізге жақсы тілектерімізді айтып, баталы болайық! Амал күні құтты болсын, ағайын!", – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әртіс Жанар Айжанова.

Айта кетейік, Алматыда 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі аясында 100-ден астам түрлі іс-шара жоспарланған. Олардың ішінде көрмелер, спектакльдер, спорттық жарыстар, танымал артистердің қатысуымен өтетін концерттер және басқа да қызықты іс-шаралар бар. Ауқымды іс-шаралардың аңдатпалары Алматы қаласының Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі парақшасында және Алматы қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланады.