What are you looking for?

Пәтерін жалға беретін қазақстандықтар табысын декларациялауы қажет пе

06.03.2025

Пәтерді жалға беретін қазақстандықтарға дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық пен аударымдарды төлеуге немесе тіркелмей-ақ жеке табыс салығын төлеп, декларация тапсыруына болады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан білесіз .

Тұрғын үйді жалға беру тиімді кәсіп, ал бәрі заң аясында болуы үшін табыс тапқан азаматтар салық төлеуі керек.

Бұрын ай сайын бірыңғай жиынтық төлем жасау жеткілікті болса, 2024 жылдан бастап ол күшін жойды. Енді жалға берушілер дара кәсіпкер ретінде тіркеле алады. Олар үшін бірнеше салық режимі бар, әркімге өзіне қолайлысын таңдауына мүмкіндік берілген.

Алайда, дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес, бұл – қызмет түрін заңдастырудың бір жолы. Қазақстандықтар пәтерді жалға беру кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ қойса да болады, бірақ бұл жағдайда салық мөлшері айтарлықтай жоғары болады, ол — табыстың 10 пайызы мөлшерінде.

Одан бөлек, кәсібін тіркемеген азаматтар жыл сайын кірісін декларациялауға тиіс. Бұрын ол 240-нысан бойынша жеке табыс салығын декларациялау арқылы жүзеге асса, енді оның орнына 270-нысан бойынша табыс пен мүлік туралы декларация тапсырылуы қажет.

"Учет" порталының мәліметінше, есепті жыл сайын 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. Декларацияны тапсырғаннан кейін 25 қыркүйекке дейін түскен пайданың 10 пайызы мөлшерінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу керек.

Мәселен, қазақстандық пәтерін айына 200 мың теңгеге жалға берсе, оның жылдық табысы 2,4 млн теңгені құрайды. Дәл осы сомадан 10 пайыз, яғни 240 мың теңге ұсталып қалады және жеке табыс салығы ретінде төлеу қажет болады.

Бұған дейін жеке табыс салығы бойынша декларацияны 31 наурызға дейін тапсыруға болатын. Сондықтан қазір пәтер иелеріне табысын декларациялауға уақыт жеткілікті.

Айта кетейік, 10 пайыздық мөлшерлеме зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлемдер және медициналық сақтандыруды (МӘМС) қамтымайтынын ескерген жөн – бұл тек салық. Бұл режим, ең алдымен, ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар үшін қолайлы, өйткені олар үшін барлық жарнаны жұмыс берушілер төлейді. Әйтпесе, адам міндетті медициналық сақтандыруға және басқа төлемдерге өз бетінше жарна енгізуі керек.

Social Link

Follow Me On Social Media