0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Көпшілікке танылған «Қызғылт қоян туралы ертегі» көркем фильмінің жалғасы түсірілмек. Осы ретте Kinopark-Kinoplexx компаниялар тобы мен «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп, өзара келісім шартқа отырды. Қазір туындының сценариі талқыланып жатыр.
«Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмі 2010 жылы жарыққа шығып, көрермен көзайымына айналған еді. Енді Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниялар тобы мен «Қазақфильм» бірлесіп, сәуірде киноның жалғасын түсіруге кіріседі. «Қазақфильм» түсірілім павильондары мен техникалық жабдықтарды, көркемдік материалдар, костюмдермен қамтамасыз етпек.
Алмаз Малдыбаев, Kinopark-Kinoplexx компаниялар тобының президенті:
Қазақфильмнің кинолары бізде көрсетіліп жатыр. Бір-бірімізге көмектесіп, кинотеатрлар тарапынан жарнама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бірлестікте бірге жұмысты әрі қарай ойластырып, бірге кино түсірсек деген жоспарлармен 5-6 ай жүргенбіз. Қазір сценариі жұмыстары аяқталып жатыр. Оның мазмұны, тақырыбы келісілді.
Сондай-ақ қос тарап бірлесіп, жас актёрлердан труппа жасақтап, «Қыз Жібек», «Бандыны қуған Хамит» және өзге де тарихи туындыларды қайта түсіруді жоспарлап отыр. Қазір көркем фильмдердің мазмұнын жан-жақты зерттеліп жатыр. Келер жылдың соңында түсірілім жұмыстары басталмақ.
Айдар Омаров, «Ш.Айманов атындағы қазақфильм» АҚ Президентінің міндетін атқарушы:
Жастар ескі киноларды көре бермейді ғой. Сондықтан, кезінде танымал болған, көпшілік сүйіп көрген көркем фильмдерге жаңаша леп беруді мақсат етіп отырмыз. 30-40 жыл бұрынғы киноларды қайта түсіріп, халыққа ұсыну тәжірибесі басқа елдерде де бар.
Қос тараптың ынтымақтастығы еліміздегі жанрлық киноның одан әрі дамуына серпін береді,дейді мамандар.
Айдана Қуантхан