Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев денсаулыққа аса қауіпті "көңіл көтеретін шарлар" желіде ашық түрде, емін-еркін сатылып жатқаны туралы мәселе көтерді . Ол бұл туралы 24.kz арнасындағы "Күн тәртібі" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қарным ашатыны түнгі клубтарда "күлкі келтіретін", "есіртетін" шарлар көбейіп кетті. Бұл балаларымыздың денсаулығына өте қауіпті. Бұл қазір ашық кетіп жатыр. Жарайды, ІІМ жұмыс істеп жатыр. Көріп отырмыз. Тиісті заңды күшейіп жатыр. Бірақ "шарлар" мәселесі не болып жатыр? Осы бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл өте өзекті болып тұр. Кеңінен тарап кетіп отыр, мейрамханаларда, түнгі клубтарда... Бұл тәуелділікке апарады. Осы бойынша арыз-шағым көп түсіп жатыр. Осы бағдарламаға келе жатқан кезде де хабарландырулардан телефондарын жазып алдым. Министрлік өкілі жауап берсін осы сауалыма, сосын тікелей эфирде қоңырау шалып сұрайын", — деді мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев.
Оның бұл сауалына ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Гулмира Жылқыбаева жауап берді. Министрлік өкілі бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр деп сендірді.
"ІІМ тұрақты негізде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Оның ішінде көңіл-көтеру мекемелерінде, түнгі клубтарда және көбінесе синетатикалық есірткі тарату мәселесі бойынша. Есірткіге қарсы күрес комитетінің жанынан арнайы бөлім құрылған заманауи техникамен жабдықталған. Интернет платформаларда барлық осындай жарнаманы қарап, бұғаттап отырады. Сосын қайдан шығып жатыр, соны қадағалап отырады", — деп жауап берді.
Бұл ретте мәжіліс депутаты тікелей эфирдегі бағдарламада "есіртетін" шарға тапсырыс беріп, шарлардың расымен де емін-еркін сатылып жатқанын, тіпті оны жеткізіп беру қызметі барына көз жеткізді.
"Көз жеткізіп отырмыз тікелей эфирде. Заң қабылданып жатыр, мемлекет басшысы осы мәселені айтып отыр. Бірақ егер менің немесе сіздің баламыз осындай дүниелерді ашық түрде тапсырыс беріп жатса, арты не болады?!", — деді ол.