What are you looking for?

"Балабақшалар айыппұлды несие алып төлеуге мәжбүр". Көшербаев депутаттарға жауап берді

17.03.2025

Балабақшаларды тексеру парақтары қайта қаралады.

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев мәжіліс депутаттарының жекеменшік балабақшаларға қатысты сауалына жауап берді. Бұған дейін депутаттар жекеменшік балабақша иелерінің "айыппұлдан көз ашпай қалдық" деген арызын жеткізген еді.

Халық қалаулыларының айтуынша, Қазақстандағы балабақшалардың 80 пайызы ауылда орналасқан және олардың иелері ғимаратты жалдап қызмет етеді. Сәйкесінше, санитарлық талаптарды (негізінен, ғимаратты және ғимарат бөліктерін өзгертуге қатысты) толық орындай алмайды. Осы себепті, айыппұл арқалауға мәжбүр.


Оқи отырыңыз: Балабақша жұмысын 19.00-ге дейін ұзарту – Оқу министрінің жауабы қандай


"Әр кәсіпкерге жылына екі рет салынған айыппұл 1 млн теңгеден асып, қалталары көтермей, айыппұлды несие алу арқылы төлеуге мәжбүр болған. Бекітілген ережелер ауылдық жерлердегі объективті шындыққа сәйкес келмейді және ондағы балабақшалар үшін барлық стандарттарға сәйкес келетін ғимараттар жоқ. Кәсіпкерлер өз бизнесінің амандығын ойлап, санитарлық дәрігерлердің әрекетіне шағымданудан қорқады, өйткені, дауласу бизнес үшін өте тиімсіз. Сондықтан, бұл мекемелер, көбінесе, нақты санитарлық қауіп-қатерлерге қатысы жоқ бұзушылықтар үшін төлеуге мәжбүр болады", – деген еді депутаттар.

Сауалға орай, үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Денсаулық сақтау министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға қауіпсіз және жайлы жағдай жасалуын қамтамасыз ету мақсатында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын қайта қарастырып жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ, ол балабақшаларға қандай жағдайда тексерулер жүргізілетінін түсіндірді.

"Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру (жарты жылда бір реттен жиі емес), бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы (жылына екі реттен жиі емес) және бармай (жарты жылда бір реттен жиі емес) профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексеру расталған бұзушылық фактілері болған жағдайда ғана және Бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Бұл ретте, жоспарлы тексеру нысанасы тексеру парақтарына (бақылау сұрақтарының тізімдері) енгізілген сұрақтар тізбесімен ғана шектеледі", – деді Ермек Көшербаев.

Үкімет өкілінің сөзінше, сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік санитариялық эпидемиологиялық бақылауды және қадағалауды Кодекстің талаптарына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

Social Link

Follow Me On Social Media