What are you looking for?

Ұлттық құрылтай: Бектенов президент тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді

17.03.2025

Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ішкі саясат пен экономика саласындағы еліміздің алдында тұрған даму бағдарын белгілеп берді. Экономиканың өсуіне, ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға, цифрландыру мен адам капиталын дамытуға қатысты көптеген маңызды мәселелерге назар аударылды. Ең бастысы – Президент тапсырмаларын сапалы орындау, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Министрліктердің жүктелген міндеттерді жүзеге асырудағы тәсілдері тыңдалды.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың өсуіне жаңаша серпін беру және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою, әділ және тиімді салық жүйесін дамыту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жұмыстары туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасының жобасы мен шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жеке заң әзірленеді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев президенттің тапсырмасы аясында алдағы екі жылда энергия жүйесінің қуатын шамамен 3 ГВт-қа арттыратын бірқатар жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұдан басқа, 2026 жылы Қашағандағы қуаты 1 млрд м3 жаңа газ өңдеу зауытын, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын және «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ атом саласын дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бюджеттік жоспарлау саласына жасанды интеллектіні енгізу және бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін болжаудың зияткерлік моделін әзірлеу туралы баяндады. Сондай-ақ дата-орталықтардың қуатын ауқымды кеңейту жоспарлануда, бұл Қазақстанның өңірлік IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтады.

Көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде «Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 791 шақырым дәлізді енгізу есебінен орталық және батыс өңірлер арасындағы жолды қысқарту жоспарлануда. Ол үшін «Астана – Жантеке», «Жантеке – Егіндікөл», «Арқалық – Торғай» жол учаскелерін жөндеумен қамту көзделген. «Ырғыз – Торғай» және «Арқалық – Егіндікөл» арасындағы жолдарды салу қажет болады. Арқалық әуежайына да реконструкция жасалады: заманауи аэровокзал салу және ұшу-қону жолағын жаңарту көзделіп отыр.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кино саласындағы заңнаманы күшейту бойынша басталған жұмыстар, балаларға арналған қазақ анимациясын дамыту жоспары туралы баяндады. Президенттің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шарттарын қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру туралы тапсырмаларын орындау мақсатында ҮЕҰ өкілдерінің арасынан сараптамалық комиссия құрылды. Сондай-ақ ЮНЕСКО қамқорлығымен Мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгені атап өтілді.

Білім беру саласында «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өскелең ұрпақты зорлық-зомбылықтан қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуге қол жеткізуге, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беруге бағытталған арнайы заң әзірленетін болады. Елімізде 11 аутизм орталығы жұмыс істейді, әр аймақта тиісті мекемелер ашу қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтарды даярлау үшін жағдай жасау да алдағы жоспарлардың қатарында тұр. Сапалы инфрақұрылымды дайындауға ерекше назар аударылатын болады. Мәселен, 1,2 мың орындық халықаралық колледж салу жоспарланған.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболды дамыту шаралары туралы хабарлады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 28 негізгі стадион бар. ALAN футбол алаңдарын жаңарту жобасы аясында соңғы екі жылда 18 алаң реконструкциядан өтті, биыл тағы 9 алаң жаңартылады.

Биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі тапсырмаларды іске асыру туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады. Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісі 35 жыл ішінде 869 мың гектардан 30,9 млн гектарға дейін кеңейтілді. Жануарлардың сирек кездесетін түрлерін, соның ішінде барысты қорғау және тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысы сияқты жойылып кеткен түрлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта киіктің саны рекордтық 4,1 млн басқа жетті, одан әрі өсу күтіліп отыр. Табиғатты қорғау шараларын нығайту мақсатында биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасы әзірленуде, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде экологиялық мәдениетті нығайту бойынша жұмыстар атқарылуда.

Social Link

Follow Me On Social Media