What are you looking for?

Қазақстанда "Яндекс.Такси" комиссиясы Өзбекстанға қарағанда жоғары болып шықты

17.03.2025

"Яндекс.Такси" ірі қалалардағы такси нарығын жаулап жатыр .

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Өзбекстанның тәжірибесі бойынша елдегі "Яндекс.Такси" комиссиясының бағасын төмендетуді ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Яндекс.Такси" Астана мен Алматыда монополист пе? Монополист болған жайдайда оған қатысты қандай шаралар қабылданатын болады?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтің сөзінше, "Яндекс.Такси" Астана мен Алматыда ғана монополист емес.

"Алайда осы қалалардағы нарықтың 90 пайызға жуығы Яндекске тиесілі. Жыл сайын ол өзінің монополиялық жағдайын арттырып отыр. Біз әрдайым мониторинг жүргізіп отырамыз. 2024 жылдың ішінде шетелдік сарапшыларды тарта отырып, алгоритмдік баға белгілеуге аудит жүргіздік. Яндексте де баға алгоритмдерге сәйкес белгіленеді. Яғни, сұранысқа, ұсынысқа, ауа-райына және басқа да жағдайларға байланысты баға үнемі өзгеріп отырады", – деді ол.

Спикердің айтуынша, осы монополист мысалында 300 мыңға жуық жүргізуші мен олардың отбасы бар. Бұл шамамен 1,5 миллион адам.

Болат Сәмбетов қазіргі таңда Өзбекстандағы "Яндекс.Таксидің" тәжірибесі қарастырылып жатқанын айтты. Көршілес елде әрбір сапар құнынан 13 пайыз алынады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 16%-ға тең.

"Осыған дейін шекті бағаны қою туралы мәселе көтерілген болатын. Қазір "Яндекс.Такси" әр сапардың бағасынан 16% алым жинайды, бұдан басқа такси парктеріне 4%-ы кетеді. Осылайша Астана және Алматыда барлығы 20% алынады, басқа қалаларда бұл көрсеткіш аздау. Сол себепті Өзбекстанда 13% алынса, Қазақстанда неге 20 пайызға дейін алынып отыр деген мәселені көтеріп отырмыз", – деді агенттік өкілі.

Social Link

Follow Me On Social Media