Жоба аясында Астана қаласындағы мектеп оқушыларына суды үнемдеудің маңызы мен тәсілдері түсіндіріледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бүгін бір мезетте елордадағы 111 мектепте сынып сағаттары өтіп, 200 мыңға жуық оқушы еліміздің су ресурстары және оны үнемдеп пайдалану туралы ақпаратпен танысты.
Осы мазмұндағы бас қосуға сала министрі Нұржан Нұржігітов қатысты.
Министр №104 мектептің оқушыларына елімізде су ресурстарын үнемдеу және оны тиімді пайдалану бойынша ведомствоның атқарып жатқан жұмысы туралы айтып берді. Министрлік 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің Жол картасын әзірледі. Құжат су заңнамасын жетілдіру, су саласын цифрландыру, суды есепке алу мен су үнемдеудің заманауи технологияларын енгізу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Бұдан бөлек, тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірленген.
«Біз тіршілік үшін маңызды бұл жобаны мектеп оқушыларынан бастауды жөн көрдік. Себебі, мектеп жақсы әдет пен дұрыс дағды үлгісін қалыптастырудың бастамасы. Бұл жоба оқушылардың су ресурстарының маңызы туралы білімін арттыруға, жастардың экологиялық жауапкершілігін дамытып, қала мектептерінде суды үнемдеу қозғалысын қалыптастыруға арналған. Біз алдағы уақытта бұл жобаның ауқымын республика көлемінде одан әрі дамытып, барлық жастағы азаматтарды қамтуды жоспарлап отырмыз», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Шара барысында оқушылар тақырып төңірегінде ойымен бөлісіп, суды үнемдеуге қатысты тың идеяларын ортаға салды.