What are you looking for?

ІІМ сұранысқа ие мемлекеттік қызмет түрлерін атады

17.03.2025

Құқық қорғау органдары мемлекеттік қызметтің 55 түрін көрсетеді.

Былтыр отандық полиция тұрғындарға 12 млн мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ішкі істер органдары мемлекеттік қызметтің 55 түрін көрсетеді.

"Кішігірім түрлерін қосатын болсақ, олардың саны 122-ге жетеді. 2024 жылы полиция тұрғындарға 12 млн мемлекеттік қызмет көрсетті", — деді Шұғыла Тұрлыбек.

Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару, көлікті рәсімдеу, елде уақытша тұруға рұқсат және жүргізуші куәлігін беру ең көп сұранысқа ие 5 қызмет түріне енген.

ІІМ баспасөз хатшысы бүгінгі таңда министрліктің барлық дерлік қызметі автоматтандырылғанын жеткізді.

"Бұл оларды аз уақыт ішінде алуға мүмкіндік берді. Мысалы, егер бұрын төлқұжаттар мен жеке куәліктер екі ай ішінде берілсе, қазір бұл мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ал құжаттарды дайындау орталықтары бар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында өтініш беруші жеделдік үшін арнайы түбіртекті төлеп, құжаттарды бір жұмыс күні ішінде ала алады", — деді Шұғыла Тұрлыбек.

Елімізде тұрақты тұратын шетелдіктерге елде тұруға ықтиярхат беру және азаматтығы жоқ адамдарға куәлік беру мерзімі екі аптаға (30 тәуліктен 17 тәулікке дейін), Қазақстан визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қарау және келісу тоғыз күнге (14 тәуліктен 3 тәулікке дейін) қысқартылған.

"Сондай-ақ, автокөлікті қайта тіркеу уақыты үш жұмыс күнінен 90 минутқа дейін және жүргізуші куәлігін ауыстыру бір жұмыс күнінен 40 минутқа дейін азайтылды", — деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Social Link

Follow Me On Social Media