What are you looking for?

Астана автобустарында жолаушылар тарихи тұлғалар туралы мәлімет алады

18.03.2025

Ақпарат аудио түрінде ұсынылады.

Астананың 84 бағыт бойынша 502 автобусында көшеге есімі берілген тарихи тұлғалар туралы қысқаша мағлұмат аудио форматында жолаушыларға ұсынылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп хабарлады.

"Елорданың қоғамдық көліктерінде қала көшелеріне есімі берілген тарихи тұлғалар жайлы қысқаша мәліметтер аудиоформатта жариялана бастады. Қазіргі таңда жолаушылар Астанадағы 84 бағыт бойынша, дәлірек айтсақ 502 автобуста осындай аудиохабарламаны тыңдай алады. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтарының тарихи тұлғаларымыз туралы ақпарат алуына мүмкіндік беруде", – деп жазды ол Facebook желісінде.


Оқи отырыңыз: Астана қаншалықты қазақша сөйлейді және қаланы шетел атауларынан тазартуға не кедергі


Еске салайық, Сәкен Есіркеп Информбюро порталына 2024 жылы берген сұхбатында Астананың аудандары мен көшелеріне, мекемелеріне қазақ тілінде атау беру бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатқанын айтқан болатын.

"Астана қаласындағы құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1168, оның ішінде даңғыл – 17, көше – 1110, тасжол – 4. 2022 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысы және Астана қаласы мәслихатының шешімімен жалпы 41 құрамдас бөлікке атау беріліп, қайта аталды. Қала көшелеріне Қазақстанның белгілі қайраткерлері Сафуан Шаймерденов, Дүкенбай Досжан, Еркеғали Рахмадиев, Александр Сызғанов және т.б. есімдері, Бозоқ, Ботай, Түймекент және т.б. жер-су атаулары берілді. Сонымен қатар елордамыздың 8 мекемесіне Өзбекәлі Жәнібеков, Қошке Кемеңгерұлы, Кемел Ақышев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңғарсынова және Ыбырай Алтынсариннің есімдері берілді", – деді басқарма басшысы.

Social Link

Follow Me On Social Media