What are you looking for?

Семейліктер ескі көпірмен жүруден бас тартып жатыр

18.03.2025

Семейде жарты ғасыр бұрын салынған көпір қазір апатты жағдайда тұр дейді тұрғындар.

Семейліктер ескі көпірмен жүруден бас тартып жатыр. Себебі, тозығы жеткен өткелде жарықшақтар пайда болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жүргізушілер көлік қозғалысын тоқтатпаса көпір опырылып ортасына түсе ме деп қауіптенеді. Ал мәселені шешетін шенеуніктер, керісінше дүрбелең туғызып, түрлі әзіл видео таратып жатқандар жазаланады деп ескертеді. Тіпті полиция тұрғындарға қорқыныш ұялатқан бірнеше жүргізушіге айыппұл салып үлгерген.

Семейде жарты ғасыр бұрын салынған көпір қазір апатты жағдайда тұр дейді тұрғындар. Тозығы жеткен өткелдің бетондарында саңылаулар пайда болып, бағаналары үгітіліп жатыр. Сондықтан көпірмен өтуге жүргізушілер жүрексініп қалған.

Әлеуметтік желіде таралған бұл фото семейліктердің үрейін одан сайын үдетті. Көлік иелері бұл жерден айналып өтуге тырысамыз дейді. Жұрт арғы бетке басқа жолдармен жетіп, уақыт жоғалтатын болдық деп күйінеді.

Қалада тағы бір аспалы көпір бар. Қазір мына жақтан қашқандар сол өткелмен жүруге мәжбүр. Ал мамандар тексеріс жүргізіп, көліктер енді бұрынғыдай төрт жолақпен емес, тек екі жолақпен жүрсін деген шешім шығарыпты.

"Сараптама қорытындысына сәйкес, Семей қаласының әкімдігі мен жол полициясы бірлесіп көпірдегі жүктемені азайту мақсатында жолағын шектеу шешілді және көпірде рұқсат етілген ең жоғарғы массаны белгілеу шарасы қабылданды. Сондықтан қазір көпірдің жағдайы эксплуатацияға жарамды", – деді Абай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев.

Шешнеуніктер алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені көпірдің астынғы құрылғылары ауа райына байланысты қозғалып тұрады деген уәж айтады. Сондықтан көктем мезгілінде сетінеп, саңылау пайда болуы қалыпты жағдай екенін жеткізді. Ал парақшасына әзіл видео салып, көпшілікті шошытқан жандар айыппұл арқалады.

Social Link

Follow Me On Social Media