ҚМДБ діни күндер кестесі бойынша, Құрбан айттың алғашқы күні 6-маусымға сәйкес келуі мүмкін.
Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының 2025 жылғы қорытынды бітіру емтихандарының жаңа мерзімін жариялады. Оған сәйкес, 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым (бұрын 9 маусым болатын) аралығында өтеді. Сондай-ақ, 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары 30 мамырда басталып, 16 маусымда (бұрын 13 маусым болатын) аяқталады.
Министрлік бұл өзгерістің бір себебі ретінде Құрбан айт мерекесінің бірінші күні (егер жұмыс күніне сәйкес келсе) демалыс күні болып есептелетінін атаған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған 2025 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні 6-маусымға сәйкес келеді. Дегенмен, жаңа айдың көрінуіне байланысты ол бір күн кері не бір күн алға жылжуы мүмкін екенін ұмытпау керек. Өйткені, егер Құрбан айттың алғашқы күні бір күн алға жылжитын болса, ол сенбіге түсіп, қосымша демалыс берілмейді.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ 2025 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Ораза 1 наурыздан басталады
Еске салайық, 2024 жылы діни күндер кестесі бойынша, Құрбан айттың алғашқы күні болжамды түрде 16-маусымға (жексенбі) сәйкес келетіні көрсетілген еді. Алайда, ҚМДБ кейін оны 17-маусым етіп түзетті. Бұл аралықта Еңбек министрлігі 17-маусымды Құрбан айт есебінен демалыс күні деп жариялап, кейін демалыс берілмейтіні белгілі болғанда бұл халық арасында түсініспеушілік туғызған болатын.