Өзбекстанда 1 мың 82 қазақстандық инвестор жұмыс істейді.
Олардың 22-сі кейінгі бір айда қосылды. Өзбекстан ұлттық статистика агенттігінің хабарлауынша бірінші орынды Қытай компаниялары бастап тұр.
Олардың жалпы саны 15 мыңнан асады. Ал Ресей мен Түркия үштіктен көрінген.
Өзбекстанда инвестициялық климат жақсарып келеді. 2023-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында шетел инвесторларының қатысуымен құны 55,4 млрд доллардың 800 жабасын іске қосу межесі тұр. Жоспар толығымен іске асса миллиондаған адам жұмыспен қамтылып, бюджет бүйірі толығады.
Равшан Назаров, саясаттанушы:
- Өзбекстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Құқықтық база қалыптасқан. Қазақстан біздің көршіміз әрі стратегиялық сенімді серіктесіміз. Меніңше Өзбекстанда қалыптасқан бизнес климат Қазақстан кәсіпкерлеріне қолайлы болып тұр.
Қазақстандық кәсіпкерлерді толғандыратын мәселе де жоқ емес. Соның бірі ел азаматтарының Өзбекстанда өз көліктерімен 90 күннен артық жүре алмауы. Заң бойынша шетелдік тізгіндеген автомобиль 3 айдан кейін шекарадан шығуы тиіс. Және ол көлікпен бір жыл бойы Өзбекстанға қайта кіре алмайды.
Нұржалғас Омаш, қазақстандық компания өкілі:
«Бұл жақта 90 күн ғана жүруге уақыт беріледі. Шекарадан өтіп, қайта кіріп шығатындай етіп жасалса, біздерге жақсы еді. Ондай мүмкіндік жоқ. Көлік толыққанды тексеріліп, бір жыл бойы әлгі машинамен шекарадан өте алмайсың. Ал бізде Өзбекстанның көліктері бір жыл бойы еркін жүре алады. Мәселе үкіметаралық деңгейде шешіледі деген үміттемін».
Иә, бизнес үшін кез-келген кедергінің салдары бар. Қазақ кәсіпкерлері мәселе үкіметтік деңгейде шешіледі деген үмітте. Жалпы былтыр екі елдің бизнес құрылымдары арасында құны 350 млн ақш долларына тең 76 келісім-шарт жасалған. Өзбекстанда Қазақстанның құрылыс компаниялары салған үйлерге сұраныс жоғары. Коммерциялық нысандар бой көтеріп, бірқатары қолданысқа берілді. Қаржы секторында да отандастарымыздың үлесі басым. Қазақстан банктері тұтынушыларға заманауи қызмет үлгісін ұсынып, цифрландыру жүйесін қолданысқа енгізді.
Дулат Нуркин
Related items